«Ақ Бұлақ» тау шаңғысы курорты жаңа маусымға толық дайын

125
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/5tVUiNd8qYG81kkwWj0MY9thjy6AQ3B1ibhK7OKi.webp

«Ақ Бұлақ» тау шаңғысы курорты алдағы қысқы маусымға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Курорт инфрақұрылымын, техникалық паркін және қызмет көрсету жүйесін жаңартқан. Бұл туралы баспасөз конференциясында айтылды.

Курорттың техникалық бөлім басшысының орынбасары Сұңқар Искаковтың айтуынша, биылғы басты басымдық – маусымды қауіпсіз әрі сапалы бастау. Оның сөзінше, жаңа басқарманың келуімен курортта кешенді жаңғырту жүргізілген.

Биыл тау беткейлерін дайындау үшін техникалық парк айтарлықтай толықтырылып, 100-ші ратрак іске қосылды. Қазіргі таңда ол негізгі трассалардың бірінде жұмыс істеп жатыр. Алдағы күндері мерекеге дейін барлық негізгі трассалар мінсіз күйге келтіріледі. Сонымен қатар үшінші трассада жұмыстар жалғасып, маусым барысында ашылатын бағыттар саны кезең-кезеңімен артпақ.

Инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Бұған дейін сынға ұшырап келген автотұрақ толық асфальтталып, кассалар, жабдықтарды жалға беру пункті мен тау шаңғысы мектебі орналасқан көпфункциялы кешенге күрделі жөндеу жүргізілді.

Маусымдағы басты жаңалықтардың бірі – тауға кіру және бақылау жүйесінің жаңартылуы. Курорт аумағында Access 2025 жүйесінің соңғы нұсқасы орнатылып, жаңа турникеттер іске қосылды. Енді демалушылар ски-пассты банк қосымшалары арқылы онлайн сатып ала алады.

Сонымен қатар курорт жыл бойы жұмыс істейтін демалыс аймағына айналуды көздеп отыр. Маусымаралық кезеңде де спорттық және сауықтыру жобаларын дамыту жоспарланған.

Түнгі сырғанау да жаңаша форматта ұсынылады. Ол үшін 70 жарық прожекторы орнатылған. Алғашқы кезеңде түнгі сырғанау жұма және сенбі күндері ұйымдастырылады.

Баға саясаты да тұрақты. Курорт өкілдерінің айтуынша, тарифтер өткен жылмен салыстырғанда шамамен 2–3 мың теңгеге ғана өзгерген. Қазіргі таңда күндізгі сырғанау құны жұмыс күндері 16 мың теңгеден, демалыс күндері 18 мың теңгеден басталады. Таңғы тариф – 12 мың теңге, түнгі сырғанау – 9 500 теңге. Ски-пасс картасының бағасы – 2 000 теңге.

Сату және маркетинг директоры Жұлдыз Байболованың айтуынша, барлық тарифтерді Kaspi арқылы толықтыруға, билеттерді алдын ала кез келген күнге рәсімдеуге мүмкіндік бар. Жақын уақытта жеке тұлғаға байланатын маусымдық және жылдық абонементтерді енгізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, «Ақ Бұлақ» курортында биіктігі 1250–1800 метр аралығындағы 14 трасса және 5 түрлі арқан жолы бар.

Comments