Ұмыт болған «Демократиялық жаңару күні»

378
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/EVz9mbLuqpXCYnU7x8RItEdnbZwW7PtZBm7mU8s9.jpg

Бүгін – Желтоқсан құрбандарын еске алу, Демократиялық жаңару күні, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

1986 жылғы 16 желтоқсанда Кеңес Одағының коммунистік билігі жергілікті халықтың пікірін ескермей, Қазақстанға сырттан басшы тағайындау туралы шешім қабылдаған еді. Бұл әділетсіздікке қарсы мыңдаған қазақ жастары екі күн қатарынан Алматы қаласының орталық алаңына жиналып, бейбіт наразылық білдірген. Алайда кеңестік билік шеруді күшпен тарату үшін милиция мен әскерді жұмылдырып, бейбіт жастарға қарсы әскери күрек пен өзге де күш қолдану құралдарын пайдаланған.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында «Желтоқсан оқиғасы» деген атаумен қалған бұл көтеріліске қатысқандар қатаң қуғын-сүргінге ұшырады. Кеңес билігі 99 адамды әртүрлі мерзімге соттап, екі адамға ату жазасын кесті. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтардың барлығы толық ақталды. Бұл оқиға Кеңес Одағы тарихындағы ұлт-азаттық сипаттағы алғашқы жаппай қозғалыстардың бірі ретінде тарихта қалды.

1991 жылғы 12 желтоқсанда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев «1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлыққа қол қойған еді. Аталған құжат арқылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарға құқықтық әрі саяси тұрғыдан әділ баға беріліп, негізсіз қуғын-сүргінге ұшырағандар толық ақталды. Сонымен қатар 17 желтоқсан «Демократиялық жаңару күні» ретінде белгіленді.

Алайда бүгінде «Демократиялық жаңару күніне» қатысты ресми ақпарат сирек кездеседі. Соңғы жылдары бұл күн ресми күнтізбеден алынып тасталды.  Қоғам бұл күнді көбіне Желтоқсан оқиғасымен ғана байланысты еске алады.

Comments