Вьетнам «Ақ-Бұлақ» туристік кешенін қайта жаңғыртуға ондаған миллион доллар бөледі

143
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/OPV5AU7eZskznQv4nPQTynSbeHtnJJE9k6AGWFp9.jpg

Вьетнам Қазақстанның туристік саласына инвестиция көлемін арттыруда. Алматы облысында орналасқан Ak Bulak Village туристік кешенінің құрылысы вьетнамдық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылмақ. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Вьетнам премьер-министрінің орынбасары Нгуен Хоа Бин арасындағы кездесуде айтылды, деп хабарлайды “Адырна”.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы инвестициялық ынтымақтастық жаңа кезеңге шықты. Қазіргі уақытта елімізде вьетнамдық капиталдың қатысуымен бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында Алматы облысындағы Ak Bulak Village туристік кешенінің құрылысы және Қонаев қаласындағы «Арна» индустриялық аймағында 90 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестициямен азық-түлік өнімдерін өндіретін зауыт салу жобасы бар.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Алматы облысындағы биік таулы «Ақ-Бұлақ» курортын вьетнамдық Crystal Bay Group компаниясымен бірлесіп, элиталық туристік орталыққа айналдыру жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын. Жоба аясында курорт аумағында казиносы бар аймақ құру көзделген.

Осы мақсатта өңір әкімдігі жаңа ойын аймағының шекарасын белгілеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, 2025 жылдың қараша айында «Ақ-Бұлақ» туристік орталығын шетел азаматтары үшін құмар ойындарға рұқсат етілген аумақтар тізіміне енгізуді көздейтін заң жобасы қарастырылған.

2022 жылдың тамыз айында сол кездегі Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Вьетнамға ресми сапары барысында Қазақстанға инвестиция салуға мүдделі бірқатар компания басшыларымен кездескен. Сол кездесулердің бірі Crystal Bay Group директорлар кеңесінің төрағасы Нгуен Дык Чимен өткен. Кездесу барысында туризм саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланған.

2025 жылдың мамыр айында Алматы облысының әкімдігі вьетнамдық Crystal Bay Group және «Кипрос» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Кипрос» компаниясының жалғыз иесі – кәсіпкер Тимур Құлыбаев. Ол Forbes нұсқасы бойынша 5,3 млрд АҚШ доллары көлеміндегі байлығымен Қазақстандағы ең бай адамдардың алғашқы бестігіне кіреді.

Меморандум Іле Алатауының етегіндегі Ақ-Бұлақ шатқалында заманауи туристік нысан салуды көздейді. Қазіргі таңда бұл аумақта курорттық қонақүй, қысқы маусымда әртүрлі деңгейдегі шаңғы трассалары, ал жаз мезгілінде атпен серуендеу, жаяу туристік бағыттар және өзге де демалыс түрлері жұмыс істейді.

Жаңа курорт құрылысының жалпы құны 46,5 млн АҚШ долларына бағаланған. Инвестицияның 80 пайызын Crystal Bay Group, ал 20 пайызын «Кипрос» компаниясы қаржыландырады. Жоба аясында гольф-клуб салу, қонақүй кешенін кеңейту, саяжай  мен таунхаустар тұрғызу, сондай-ақ жыл бойы турист қабылдай алатын рекреациялық аймақ құру жоспарланған. Сонымен қатар, ойын бизнесіне арналған арнайы аумақ та қарастырылған.

Comments