Қазақстанның оңтүстігінде мұнай мен газдың орасан зор қоры табылды

162
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/n8keprkx2u5adWJQHVLadfFomt4gXaRdvrcIA3i0.webp

Сырдария бассейнінде мұнай мен газдың шамамен 1 млрд тоннадан астам болжамдық ресурсы бар. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

«2024 жылы онда жұмыстар басталды. 2026 жылы аяқталады. Сырдария бассейні бойынша айтатын болсақ, болжамдық ресурстар 1 млрд тоннадан асады», – деді ол журналистерге.

Егер бұл болжамдар расталса, Қазақстандағы қазіргі мұнай қорын төрттен біріне дейін ұлғайтуы мүмкін. Сонымен қатар, Сырдария бассейніндегі геологиялық зерттеулер бюджет қаражаты есебінен жүргізілгені нақтыланды. Алдағы үш жылда мемлекеттік геологиялық зерттеу жобаларына шамамен 240 млрд теңге бөлу көзделген.

Сондай-ақ заңнамада жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін төленетін қол қою бонустары мен аукциондардан түсетін қаражаттың 50%-ын мемлекеттік геология мен геологиялық инфрақұрылымды дамытуға бағыттау бекітілген.

«Мемлекеттік есепте 4 млрд тоннадан астам мұнай бар. Қазіргі өндіру көлемін ескерсек, бұл қорлар шамамен 50 жылдан астам уақытқа жетеді», – деді Ерубаев.

Өз кезегінде комитет төрағасының орынбасары Марғұлан Байбатыров бұған дейін көптеген қазақстандық көмірсутек кен орындары Сырдария бассейнінде ашылғанын еске салды.

Қытайлық Hong Kong Sino-Science Oil and Gas Co., Ltd. (Geo-Jade Petroleum) компаниясы Қазақстанның оңтүстігіндегі Созақ кен орнында 1 трлн текше метрге дейін газ өндіруді жоспарлап отыр. Бұған дейін «Kazakh Invest» басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловтың айтуынша, республика бұл жобадан 5 млрд долларға дейін пайда табуы мүмкін. Оның сөзінше, бұл – компанияның Қазақстанда тапқан қаражатын қайта инвестициялау. Кен орнын игеру 2045 жылға дейін жалғасады.

Алайда кейінірек Кенжеқұлов «Курсив» басылымына Созақтағы жалпы газ қоры 1 трлн текше метр екенін хабарлады. Әдетте көмірсутек өндіру көлемі кен орнындағы жалпы қордан әлдеқайда аз болады.

Geo-Jade Petroleum басқарма төрағасы Чень Хуаньлон Кенжеқұловпен кездесуде Қазақстан мен жалпы Орталық Азия өңірі қытайлық компания үшін негізгі бағыт екенін айтты. Сонымен қатар компания Иракта, Таяу Шығыста, Еуропада және Австралияда көмірсутек жобаларына қызығушылық танытып отыр.

Чень Хуаньлон Созақ кен орнындағы газ қоры 100 млрд текше метр екенін, яғни Кендеқұлов атаған көрсеткіштен 10 есе аз екенін мәлімдеді . Хуаньлонның айтуынша, қытайлық компания Қазақстанға 3,2 млрд доллардан астам инвестиция құйған және бес кен орнын – Созақ, Матен, Қожан, Балықшы және Пустынное – игерумен айналысып жатыр.

Comments