Таяу Шығыстағы күрделі ахуалдың Қазақстан экономикасына әсері, Дубайдағы қазақстандықтардың дүние мүлкі, қосымша құн салығының көтерілуі, бюджеттегі әлеуметтік сала көрсеткіштері, инфляция, азық-түлік бағасының тұрақсыздығы, кадр мәселесі, жалпы елдің елдің экономикалық даму тенденциясы төңірегінде META University бизнес мектебінің директоры, Sana business акаде негізін қалаушы белгілі қаржы сарапшысы, экономист Мақсат Халықпен сұхбаттасқан едік.
ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ БІРДЕЙ
– Таяу Шығыстағы ахуал күрделеніп мұнай бағасы қымбаттады. Жалпы мұнай мен газға, шикізатқа байланған экономиканың түбі не болмақ?
– Таяу Шығыстағы жағдай шынында да өте күрделі. Бұл теке-тірестің географиясы өте үлкен болып барады. АҚШ, Израиль бірлесіп Иранға соғыс ашқаны бір бөлек, Иран да қалыс қалмай, Араб елдеріндегі солардың әскери нысандарына соққыны үдетті. Сол төңіректің экономикасына кері әсерін тигізіп тұр. Бірркен Араб әмірліктері, Катар, Дубайда үйлердің бағасы арзандап, біраз инвесторлар қаржыларын қайтарып жатыр, бұл үдеріске айналды. Жалпы қор нарығында сол жақпен байланысы бар компаниялардың акциялары бірден түсе бастады. Міне, осындай үдерістер әлемдік экономиканы шайқап тұр. Әп-сәтте әсер еткен сала – мұнай бағасы. Дүниежүзілік қаржы орталықтарының болжамы бойынша, егер осы жағдай аз уақыттың ішінде реттелмесе, мұнай бағасы баррельіне 120-130 доллардан асады деп отыр. Бұл Қазақстан экономикасына оң әсер етеді. Өйткені біздің экономика, мұнай мен газ, шикізатқа тәуелді болып қалт-құлт етіп тұрмыз. Елдің экспорт әлеуеті артады. Қазынаның кіріс бөлігі артып, Ұлттық қорға аударымдар ұлғаяды.
Ал өндірісін мұнай шикізатына бағдарлап қойған елдерге қиын тиеді. Соның ішінде Қытайға оңай соқпайды. Шикізатты қымбатқа алған өндіріс, ертеңгі күні өнімін де қымбатқа сатады. Ал Қазақстан импортқа тәуелді ел. Біздің елдің сырты тауарларының 35 пайызын Қытай өнімдері құрайды. Демек, Қытай тауарларының қымбаттауы күтіледі. Басқа да алыс-жақыннан келетін заттар импорттының бағасы өседі. Шын мәнінде, импорттың қымбаттауы халық үшін тиімді деп айту қиын. Онсыз да халқымыз инфляциядан зардап шегіп әзер отыр. Халықтың нақты табысы да аз екені жасырын емес. Геосаяси ахуалдың күрт нашарлауынан тағы да инфляция көтеріліп кетуі ықтимал.
АДАЛ АЛЫНБАҒАН ДҮНИЕ ОПА ӘПЕРМЕЙДІ
– Иран - АҚШ, Израиль арасындағы қақтығыстан Дубайдағы қазақстандықтардың дүние-мүлкі көрініп қалды. Қандай ойдасыз...
– Иә, Дубай әлемдегі ең тұрақты экономиканы қалыптастырған, дамыған мекен ретінде танылып, сол жаққа бүкіл инвестициялар құйылып жатқан еді. Біздің Қазақстанның да бай азаматтары Дубайдан үй алып, жылжымайтын мүлік иемденген болатын. Енді Таяу Шығыста, араб елдеріндегі геоясаяси ахуал күрделенді. Көптеген азаматтар Араб әмірліктерінде қауіптердің бар екенін түсінді. Әлемге белгілі инвесторлар ол жақтағы мүліктерін сата бастады. Бұл бағаның құлдырауына әкеліп соқтырды. Тіпті Дубайдағы кейбір қазақстандықтардың үйіне зымыран жарықшақтары түскен көрінеді. Содан қоғам қандай азаматтардың мүлкіне зақым келді деп, қалай ол жақта байлық жиған деп дүрліге түсті. Құзырлы органдар тарапынан тізім жасалып, бұл мәселе қаралатын болып еді, кейінен маңызды емес деп шығарды. Біздіңше бұл тізім өте маңызды. Жалғыз Дубай емес, Испания, Италия және жалпы дүниежүзі бойынша үлкен зәулім сарайлар алып қойған бай-манаптарымыз толып жатыр.
Ол қандай мүлік, кімнің дүниесі, қай табысына алды? Соған мониторинг, тексеріс жүргізілуі тиіс. Егер адал еңбек, маңдай терімен алған болса, шектей қоя алмаймыз. Ал ұрлаған болса, парақорлыққа барған болса, жауапкершілікке тартылуы тиіс. Ең болмаса, мемлекетімізге салығы төленді ме, соны қадағалау шарт. Өйткені ол да, Қазақстанда жиналған капиталға алынып тұрған қымбат, сән-салтанатты үйлер, бағалы дүниелер ғой.
Сыртқа ағылған активтердің көлемі 100 триллион теңгенің үстіне шығып кеткен. Ал қайтарылған қаражаттың көлемі 2 триллион теңгеге де жетпеді. Бірақ бұл мақтанатын көрсеткіш емес-ті. Қайтарылған ақша өте аз. Қаржы маманы ретінде, елге активтерді қайтару бойынша жұмыстар салғырт, баяу жүріп жатыр деп едім. Бұл жұмысты өте белсенді түрде жүргізу керек деп есептейміз. Егер ел бюджетіне 20-30 триллион теңге жуық ақша қайтса, сонда ғана ауыз толтырып айтуға болады.
Қазір де елімізден сыртқа ақша кетпей жатыр деп айтуға әлі ерте. Бүгінде әртүрлі жолдар, жағдаяттармен шетелге ағып жатқан активтер баршылық. Демек, бұрын болып кеткен жағдай қазір 100 пайыз жоқ деп айта алмайды. Жақында Ресейдің бір банкіне 7 триллион теңге ақша шыққан. Ол 14 млрд доллардың көлеміндегі қаражат. Өте үлкен, қомақты қаражат қалай шықты, не болды, салдары қандай? Ол жағы беймәлім! Тек анықталып жатқаны айтылды, қойды. Мәселен, үлкен құмғанға су толтырып жатсақ, соның түбінде үлкен тесік бар екенін ескермейміз.
Бюджетке қол салуды тежеуге болады. Оның ең тиімді жолы – цифровизация. Бұдан цифрлық валюта, цифрлық аударымдар, блокчейн технологиясына негізделу арқылы жемқорлықтан арыламыз. Сол кезде әрбір ақша қаражаттарының ізі, тарихы қалады. Қаражаттың оған дейінгі-кейінгі адресі анықталады. Осылайша ұрланған қаражаттарды бақылауға болады деп есептеймін.
МЕЖЕНІ КҮЙТТЕП, ХАЛЫҚТЫ ҰМЫТТЫҚ
– Біздің ел 2029 жылға дейін экономика көлемін 450 млрд долларға жеткізуді мақсат етіп қойды. Бұл межеге қалай жетпекпіз?
– Қазақстанның алдында 2029 жылға дейін экономика көлемін 450 млрд долларға жеткізуді мақсаты бар. Үкімет жылына 6-7 пайыз өсім көрсету керек болып тұр. Үкімет 2025 жылдың қортындысы бойынша 6,5 пайыз экономикалық өсім көрсеттік дейді. Шынын айту керек бұндай экономикалық өсімнің мағынасы қайдан шығып отыр? Міне, соған үңілейік! Егер нақты, шынайы Қазақстан экономикасын көтереміз десек, ол үшін қосымша өндіріс ошақтары, зауыт, фабрикалар салынуы қажет. Дәл қай салалар, нендей өндірістер бұл көрсеткіштерді құрап отыр, сол жағына мән берейік. Ақиқатын айтсақ, зауыт-фабрикалардың салынуынан гөрі, тауарлар мен қызметтердің құнын өсірудің арқасында ғана Үкімет 6,5 пайыздық экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Үкімет инфляциямен күресуге ынта-жігер көрсетпейді. Ал барлық мәселені Ұлттық банктің мойнына іліп қояды. Базалық мөлшерлемені көтеруі ешқандай мәселе шешпейді. Ең негізгісі – жаңа өндіріс ошақтары ашылып, тауар өндірісі дұрыс жолға қойылса ғана инфляция төмендейді. Өткен жылдың қортындысы бойынша, Қазақстан экономикасы 300 млрд доллардан астам экономикаға қол жеткізген. Сөйтіп әлем бойынша ЖІӨ-нің көрсеткіштері негізінде 50 елдің қатарына еніпті. Бұған өндірісті дамытпай, елдегі тауарларды қымбаттып жеткеніміз жасырын емес.
САЛЫҚТЫҢ САЛМАҒЫНАН БӘРІ ҚЫМБАТТАДЫ
– Салықтың көбейіп, айыппұлдардың артуының түбі неге соқтырады?
– Қосымша құн салығының бағасы 16 пайызға артты. Содан бастап тауарлардың бағасы өсіп жатыр. Көптеген компаниялар салықтың көтерілгенін білгендіктен, өткен жылы-ақ тауарлардың бағасын көтеріп жіберді. Олар бұл салықтық ауыртапылықты төлеу үшін өз пайдасынан бөліп бермейді. Өздерінің жасап отырған өнімі, тауарлары, қызметінің құнын қымбаттату арқылы көбейген салықты төлей береді. Ал мұндай қымбатшылық қарапайым халықты қысып, тұрмыс қинап барады. ҚҚС көтерілу салдарынан барлық тауарлар қымбаттап, халықтың төлем қабілеттілік жағдайы нашарлап, елдегі инфлияция жағдайы үдей бастады. Айлық есептік көрсеткіштің – 4 325 теңгеге көбейгені, қосымша айыппұлдардың артқаны соның салдарынан болып тұр. Айыппұлдардың 50 пайыздық жеңілдігін алып тастау, жол ережесін бұзғанға автоматты түрде айыппұл салу халыққа ауыр тиеді. Бұдан құр босқа азаматтардың жағдайы нашарлайды. Мұның түбі байлар мен кедей тап өкілдерінің арасы алшақтауына, халықтың жағдайының күрт нашарлауына апарып соқтырады. Сондықтан елге жұмыс орындарын ашып, айлық жалақыны көтеріп, салық пен айыппұлды соған сай реттеген жөн.
6,5 ПАЙЫЗДЫҚ ӨСІМ НЕГЕ ТАБЫСТЫ АРТТЫРМАДЫ?
– Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға көтерілсе де, халықтың табысы артпауына не себеп?
– Дәл осындай қарқынды өсім 2013 жылы да болған. Қандайда бір экномикалық өсім халықтың табысына әсерін тигізуі керек. Халықтың табысына 3 пайызға дейінгі өсім әсер бермейді. Ал 5-6 пайыздық өсім халықтың табысында едәуір көрініс табуы керек қой. Бірақ олай болмай шықты. Парадокс! Қайта минус 2 пайызға төмендеген. Кей сарапшылар минус 6 пайызға дейін түсті деп есептейді. Керісінше халықтың табысы ортайып жатыр. Аталған экономикалық көрсеткіштерге Үкімет тауарлар мен қызметтердің өсімі арқылы ғана қол жеткізіп отыр. Шын мәнінде нақты бір салаларда өзгерістер болып, терең өңдеу көшіп, өндірістік өнеркәсіптік дамып, экономиканың әртараптануы болып жатқан жоқ.
Қазір елде орташа жалақы 450 мың теңгеден жоғары болса, соны үшке бөліп, ең төменгі айлық 150 мың теңгені шегін құрауы керек еді. Елде 85 мың ең төменгі жалақы болып белгіленіп сол күйі өспеді. Бала күтіміне 25 мың теңге ғана беріледі. Бұндай азғантай ғана ақша қымбатшылық қысқан заманда жөргек пұлға, сүтке де жетпейді ғой. Ең төменгі күнкөріс деңгейі небәрі 45-50 мың теңгенің о жақ, бұ жағы. Бір айда бір адам осы қаржыға өмір сүре алады деп айтудың өзі ұят. Өйткені баға күн сайын өсіп келеді. Орташа медиандық жалақы 300 мың теңгенің үсті. Яки, осының 3/1 төменгі күн көріс шегіне есептелу керек. Әлемнің дамыған елдері осылай бағдарланып, жұмыс істейді. Бізде мынадай үдеріс бар. Егер бағаны өсіріп, бірқатар тауарларды, қызметтерді, тарифтерді қымбаттатын болсақ, дамыған елдерді мысалға аламыз, ал халықтың әл-ауқатын арттыруға келгенде қырық уәж айтып, артта қалғандармен салыстырып шыға келеміз. Бұндай тетік, ескіліктің қалдығы, ал өмір басқаша иірімдеріне түсуде. Жұрттың көзі, көкірегі ояу.
Дәп қазіргі геоясаяси жағдай қысқан сәтте, елдің әлеуметтік төлемдерді біршама көтеріп, азаматтарымызға жәрдем жасап, жүзеге аспайтын, үнемі шығын алып келе беретін жобаларды қысқартып, бюджетті қайта қараған жөн.
ТАБЫС ТӨМЕН – АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚЫМБАТ
– Азық-түлік бағасының тұрақсыздығы неден туындап жатыр?
– Азық-түлік бағасының үнемі қымбаттауы инфляцияның көтерілуімен байланысты болып отыр. Кейінгі жылдардағы еліміздегі инфляция барлық тауарларды қымбаттатып жатыр. Оған әсер етіп отрырған бірнеше фактор бар. Алдыңғы жолы Энергетика министрлігі жанар-жағармай бағасын бірте-бірте өсірмекші болды. Оған мемлекет басшысы араласып, АИ-92 маркалы бензин бағасы біршама тежелген болатын. Бірақ түбі көтерілді.
Тарифтердің өсімі, электр, су бағасының қымбаттағаны бұл да, сөз жоқ, ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде азық-түліктің шарықтауына тигізетін бір фактор болып саналады. Сондай-ақ, ҚҚС-тың 16 пайызға көтерілуі, халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерін қымбаттатып жатыр. Азық-түліктің ұдайы қымбаттауы, елдегі шаруалардың жағдайының жасалмауынан деп білеміз. Ол тікелей барып мемлекет жасап берсін деген сөз емес. Ол қарапайым ғана сапалы тұқым жеткізіп беру, ғылыми зерттеулердің нәтижесін қолданысқа енгізіп, шөлейтті жерлерге төтеп беретіндей өнімдер өсіру қажет. Жылыжайларға тамшылатып суғаруды үйлестіру, газбен жылыту сияқты істерді қолға алу керек қой. Жалпы шын жұмыс істеп тұрған агроөнеркәсіпті субсидияласа екен. Субсидия әділ бөлінбегендіктен, кәсібін шын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге қолдау жоқ. Қойма жетіспеушілігін жою керек. Шаруаның өнімі дүкен сөрелеріне жеткенше делдалдардың қолына түсіп, нарыққа қымбат болып шығуда. Делдардармен күрес жүрмейді, салдарынан халық әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қымбатқа алуға мәжбүр. Үкімет дерегінше, былтыр 27,1 млн тонна астық жиналыпты. Мұны рекордтық көрсеткіш деп жариялады. Төрт түліктің басы да жеткілікті сияқты. Соған қарамастан ет-сүт, ұн өнімдері, жалпы азық-түлік бағасының құнына шек болмай тұр.
Егер мемлекет шынайы араласса, әп-сәтте бәрін қалпына келтіре алады ғой. Сонда азық-түлік мұндай қымбат болмас еді.
«АНА КАПИТАЛЫ» БАҒДАРЛАМАСЫН ҚАБЫЛДАУ ҚАЖЕТ
– Отбасының әл-ауқатын қалай жақсартамыз?
– Қазақстанда туу көрсеткіші артып келеді. Демографиялық жағдай табиғи түрде жақсарып келеді. Ал біздің Үкімет отбасының әлеуметтік жағдайын жасауға асықпайды. Ресейде «Материнский капитал» деген ұлттық бағдарламасы арқылы бірінші балаға – 728 мың, екінші балаға – 963 мыңнан астам рубль қаражат төлеп, отбасын қолдайды. Францияда «Отбасын қолдау жол картасы» арқылы жол жүру құнының 75 пайызын өтеп, салықтан босатылады. Венгрияда «Демографияқ реформа» арқасында 4 баласы барлар табыс салығынан босатылып, 7 орындық көлік алуға грант беріліп, үшінші бала туылғанда отбасының мемлекет алдындағы ипотекалық қарызының бір бөлігі (немесе толықтай) кешірілуі мүмкін. Германияда әр балаға ай сайын – 259 еуро, Польшада 185 еуро кей жағдайда кәмелеттік жасқа дейін төленеді. Міне, осындай дамыған елдердегі отбасын қолдау әдістерін игерсек болады ғой.
Қазақстанда да демографиялық өсімді қалай да ынталандыру қажет. Біз де «Ана капиталы» ұлттық бағдарламасын қабылдасақ екен. Сөйтіп әлеуметтік төлемдер арттырайық. Біздің «күміс алқа», «алтын алқа» алған аналардың кейбірі пәтер сағалап күн көріп жүргені де белгілі. Әлемде 9 орын алатын біздің мемлекетіміз де 50 миллиондай халық болуы керек. Мұндай халқы бар елде осал экономика болмайды. Ол жерде бәсеке де болады, нарықтың қағидаларын да орната аламыз. Сұранысты қамтамасыз ету арқасында әлемдегі алпауыт компаниялардың үлесін өзімізге тартамыз. Яғни, елге инвестиция ағылады. Ал халқы аз елдерге дүниежүзіндегі алпауыт компаниялар қызығушылықпен қарамайды. Себебі ол нарықта тұтынушы аз. Сондықтан бізге қалайда халықтың санын өсіру маңызды. Ол үшін әуелі балабақша, мектеп, ЖОО оқу орындарын қамтамасыз етуді ойластырған абзал. Кейін жұмысқа орналасу, жаңа жұмыс орындарының ашылуы сияқты мәселелері ойлап қойған жөн. Өйткені қазірдің өзінде жыл сайын нарыққа 300 мың адамдай қосылуда. Ал бұған колледж, университет бітіретіндерді қоссаңыз, 400 мыңнан асып кетеді. Қазір соған лайықты жұмыс орнын дайындап үлгере алмай жатырмыз. Егер салғырттық, енжарлық танытып еңбек нарығын 3 жыл жұмыспен қамтымасақ, 1 миллионнан астам жас жұмыссыз қалады. Әр азамат – еңбек ресурсы. Оның әрбірін дұрыс бағдарлап, қарасақ, еңбек өнімділігін алып келеді. Ендеше, демографияны қолдаймыз десек, Үкіметте де тиімді бағдарламалар жасалу керек. Жаңа жұмыс орындарын ашып, елдегі кәсіпкерлікті дамытып, шағын және орта бизнестің кең өрістер алатындай жағдай жасау керек. Бұл бағытта жаңа жол карталарын жасау қажет. Бұрынғы бағдарламалар түгелісіп бітті. Бизнес енді жолға қойылады деген кезде, бір бүйірден салықтық қысым күшейгенін түсінбейміз. Осы тізбектерді шешу бүгінгінің негізгі проблемасы болып тұр.
БАСПАНА БАҒЫТЫНА РЕФОРМА ҚАЖЕТ
– Баспана мен көлік алу неге сонша қиындады?
– Қазақстан қоғамында баспаналы болу өте өзекті. Көп азамат баспанаға зәру. Оның ішінде тұрғын үйге кезекте тұрғандардың өзі 600 мыңнан асып жығылады. Бұл тізімде бары ғана, оған кірмей қалған қаншасы үйсіз-күйсіз жүр. Ал құрылыс қарқынына қарасақ, жылына 15-17 млн шаршы метр үй салынады. Ойланып қарасаң, бұл 100 мың отбасының баспаналы болуына әсер етуі керек. Мұның өзін алып зерделесек, кезекте тұрған азаматтардың өзін үймен қамту үшін әлі 5-6 жыл уақыт керек дегенді аңғартады.
Біздің көзқарас бойынша, елде баспана зәру азаматтардың көлемі 2 миллионнан асады. Құрылып жатқан отбасылар, 2000 жылдарда болған бэби-бум бар. Міне, солар тез өсіп жетілуде. Олар да қазір шаңырақ көтеріп, баспана іздеуде. Осының бәрін қамтамасыз ету үшін әлі де 20 жыл күтуіміз керек. Осыған қарап, бұл салада да өте үлкен реформа болуы керек деп санаймыз. Сол үшін өндіріс қуатымызды арттырмасақ, мәселе шешілмейді. Алматы, Астана, Шымкентте урбанизация өте жоғары. Мегаполистерге көшіп келгісі келетіндер көп. Аталған алып шаһарларда бағалар өсе беретіні сондықтан.
Мемлекет бірінші кезекте жаңа компаниялардың құрылуына, бәсекелестіктің артуына жағдай жасаса екен. Екіншіден, құрылыс компанияларына о, баста тұрғын үй салу мақсатын айқындап, жерді құжаттық тұрғыда лайықтап берген дұрыс. Әйтпесе, әкімшілік-құжаттық мәселеге құрылыс компаниялары ақша төлеген соң да, үй сататын кезде қымбат баға қояды. Үшінші, шұңқыр қазудан бастап үй эксплуатацияға берілгенше тағы да бюрократиялық кедергіге ұшырайды. Мемлекеттік органдарға барып дәлелдеп, құжаттық кедергілерін шешіп жүргенде, үйді уақытында тұрғындарға тапсырып үлгермейді. Ал ол 6 айға созылса, қаншама жұмысшыны еңбекақымен, тамақпен қамтамасыз етіп уақыттан ұтылып, шығынға батады. Бұның бәрі жиналып келеді де, үйдің құнының қымбаттауына алып келеді. Сол үшін де, осындай бюрократиялық кедергілерді түп тамырымен жою қажет деп есептеймін. Бұл да болса біраз мәселені жеңілдетеді. Салынып жатқан тұрғын үйлерге қажетті құрылыс материалдары толықтай Қазақстанда шығарылып жатқан жоқ. Өзімізде арматура, цемент, бетон болғанымен жеткіліксіз, кейбірі сапасыз боп жатады. Үйдің бәрі бірдей эконом санатта емес, комфорт, бизнес санатында да салады ғой. Тиісінше бәрібір де, көптеген құрылыс материалдарын шеттен әкеледі. Сондықтан отандық өнімнің болуы бұл жерде де өте маңыздырақ. Егер 70 пайыз өзіміз отандық өнімдермен құрылысты қамтамасыз ете алсақ, керемет болар еді. Бұл сөз жоқ, іскерлік белсенділіктің жандануына әсерін тигізеді. Қосымша шағын кәсіпорындар көбейеді, жұмыспен қамту күшейеді. Сонда ғана өзімізде сапалы шыққан өнімдермен салынған, арзанырақ пәтерлерге қол жеткіземіз.
ЭФФЕКТИВТІ МЕНЕДЖЕР ТАПШЫ
– Кадр бәрін шеше ме?
– Әлбетте! Қазақстан экономикасы шынайы өсу үшін, қазақ тілді, іскер, патриот жастарды іріктеп, кадр мәселелерін шешсек, ел дамуына септігін тигізеді. Оларды екі тізгін, бір шылбырды ұстайтын қызметтерге көтеру қажет-ақ. Үкіметте іскер азаматтар жоқ дей алмаймыз. Десе де білікті кадрлардың саны өте аз. Бәлкім, 20 пайыздың айналасы шығар. Ал билікте 80 пайыз эффективті емес менеджерлер отырғаны айқын.
Өз көзқарасымша, Қазақстанда министрліктердің саны өте көп. Кейбірі бірінің функциясын бірі қайталайды. Жыл сайын бір министрлік ашылып жатқан жағдайы тағы бар. Жаңа министрлік құра беруден мәселе шешілмейді. Одан әрі қордаланған проблема қордалана береді. Қайта ведомстволарды ықшамдап, қатарын кеміту керек. Дамыған АҚШ, Еуропа елдерін алып қарасақ, халық көп, министрліктері анағұрлым аз. Бірақ тындырымды істері телегей теңіз.
Бізге заманауи жаңа, патриот, ұлтшыл, елін-жерін сүйетін, тілі үшін күйетін, қолынан іс келетін азаматтар ауадай қажет болып тұр. Өз саласын білетін эффективті маман болса, гүлденеді. Егер жастар болса, тіпті де мархаббат. Олай болатыны, жас кадр сыбайлас жемқорлыққа әлі шалдықпаған, таза болады. Сондай азаматтармен орын алмастырған дұрыс.
Сайып келгенде, 80 пайыз кадрды болмаса да, 60 пайызға дейін алмастыра алсақ та, зор серпіліс болар еді. Сонда Парето заңдылығы орын алады. Бұрын билікте болған шенуніктер өздерінің балаларын, немерелерін лауазымды қызметтерге оңды-солды орналастыруын доғармағандықтан, іркіліске тап болдық. Ескі біліксіз кадрмен, бұрынғы жүйемен алға ілгерілеу мұң. Әлеуметтік әл-ауқатымызды көтеру үшін білікті кадр мәселесін қалайда шешуіміз шарт.
ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МОДЕЛЬ
– Бізге жаңа экономикалық бағдарлама қажет пе?
– Әрине! Бізге жаңа ұлттық экономикалық модель қалыптастыру қажет. Біздегі қазіргі бағдарламалар 2029 жылға дейін ғана межеленген. Халқымызда «бектер кетсе де, ел қалады» деген аталы сөз бар. Текке айтылмаса керек-ті. Одан кейін не болады, міне соған бас қатырайық.
Қазақстан 10-15 жылдан кейін қандай ел болады, экономикасы қандай болады?! Соны ойластырайық. Мұнай мен газ бітсе, одан басқа қандай салаларға бейімделеміз? Міне, соны ойлау керек!
Келешекте мемлекетті ғана байтып қана қоймай, халқымыздың әлеуметтік табысын арттырудың жолдарын қарастыру қажет боп тұр. Инфляцияны ауыздықтамаса болмайды. Жұмыссыздық азайту керек. Қағаз жүзінде емес, шынайы халықтың табысының артып, әлеуметтік тұрғыда қамсыздандырып, баспананы қол жетімді етіп, тәуір көлік тізгіндеуіне септесіп, денсаулығын жақсартып, елдің әл-ауқатын көтеру қажет.
Сұхбаттасқан Олжас Жолдыбай
The Chairman of the Central Election Commission of the Republic of Kazakhstan held an open dialogue with the people of Zhetysu
