Тоқаев Таяу Шығыстағы қақтығысқа қатысты мәлімдеме жасап, келіссөздерге шақырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Президент Түркістан облысының жұртшылығымен кездесу барысында мәлімдеген.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары әлемдегі геосаяси ахуал күрделеніп, түрлі аймақтарда қарулы қақтығыстар мен соғыстар көбейген. Бұл жағдай жаһандық экономикаға кері әсерін тигізіп отыр.
"Соғыс әбден шиеленісіп кетті. Меніңше, бұл қақтығыста ешбір мемлекет түпкілікті пайдаға қол жеткізе алмайды", — деді Мемлекет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қақтығыс аймағына жақын өңірде орналасқанын атап өтіп, елдің бейбіт ұстанымды қолдайтынын жеткізді. Оның сөзінше, Қазақстан дәнекер болуға ұмтылмайды, алайда бейбіт келіссөздер өткізу үшін өз аумағын ұсынуға дайын.
"Сондықтан осы қастерлі жерден барлық елдерге халықаралық қауымдастыққа Үндеу жасағым келеді. Ең алдымен, азаматтық, экономикалық нысандарға қарулы шабуылдарды тоқтату керек. Содан соң келіссөздерді бастау керек. Қазақстан бұл күрделі ахуалда дәнекер болғысы келмейді, бірақ, өзіміздің жерімізді бейбіт келіссөздер үшін ұсынуға дайынбыз. Меніңше, Түркістанда осындай келіссөздер өткізуге болар еді. Алайда, бұл мәселе қақтығысқа тікелей қатысып отырған мемлекеттерге байланысты. Ең алдымен олар оң шешім қабылдауы керек. Ал менің ұсынысым бұл — қазақ халқының ізгі ниетінің көрінісі. Әбден кеш болмай тұрғанда қарулы іс-әрекеттерді доғарып, келіссөздерді бастау қажет сияқты, әйтпесе, әлемдік экономиканың дағдарысқа ұшырауын айтпағанда, көптеген халықтың бейбіт өмірі, тыныштығы бұзылады, дүние жүзіндегі тұрақтылықтың тұғыры шайқалады", — деді Президент.
Мемлекет басшысы қарулы әрекеттерді тоқтатып, келіссөздерге көшу қажет екенін атап өтіп, кері жағдайда әлемдік тұрақтылыққа қауіп төнетінін ескертті.
