Астанада полицейлер өрт болған "Көркем-3" тұрғын үй кешені ауласына кірер жолды бөгеп тастаған көлік иесін жазалады. Бұл туралы Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
Ақпаратқа сәйкес, ережеге қайшы қойылған автокөлік оқиға орнынан дереу алынған.
"Жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін және шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіретін заңбұзушылықтар қатаң түрде тыйылады", - деп хабарлады департамент.
Жүргізуші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабы "Көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу" бойынша жазаланған. Бұл бап бойынша 5 АЕК-тен (2026 жылы 21 625 теңге) 15 АЕК-ке (64 875 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл қарастырылған. Айыппұл көлемі құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты белгіленеді.
Айта кетсек, 12 сәуірге қараған түні Астанадағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Пәтер ішінен үш баланың денесі табылған еді. Өрт сөндірушілер бір әйелді құтқарып қалды, ол денесін күйік шалып, ауруханаға жатқызылды. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланды, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шығып үлгерді. Өрт дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Әлеуметтік желілерде көліктердің бірі өрт сөндіру машинасының жолын бөгеп тастағаны, соның салдарынан олар оқиға орнына уақытында жете алмағаны туралы ақпарат тараған болатын.
