Серікжан Біләш өмірден озған Мұхтар Шахановқа тіл тигізді

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/MFvrt3YDvzUEoXqK5v8OGj93AopXJw5zrQD3AmQk.jpg

Серікжан Біләш бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиғаға қатысты көргенсіздік танытып, халықтың ашуын келтірді. Әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбасында ол жер қойнауына бүгін ғана табысталған қазақтың көрнекті ақыны, жазушы, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановты қорлайтын әдепсіз пікір білдірген.

«Қайтыс болса, не болыпты, дүние құлап қалыпты ма, жер шары тоқтап қалып па, күн батыстан шығып па, не болып қалыпты соншама?! Бір арсыз ақын өлді. Қолына қалам ұстап, қағаз кеміріп, бірнеше шумақ өлең жазған, қолдан жасалған тұлға», – деп тіл тигізді жазушыға Серікжан Біләш.

АҚШ-та жүрген «Атажұрт» ұйымының жетекшісі «енді не айтамын, көрдім де құрысын, өте арсыз, ұятсыз, екі беттей жалақор адам дүниеден озды, болды, басқа айтарым жоқ», – деп қазақтың біртуар ақынына кір келтірген.

Халықтың ызасына тиген Серікжан Біләштің видеосы әлеуметтік желілерде талқыланып, пайдаланушылар тарапынан сынға алынды. Желі қолданушылары «Не деген сұмдық», «Біләштің бұл тірлігі адамдыққа да, арға да сын», «Ұят-ай, масқара», «Серікжан сөйлей-сөйлей бәдікке айналды», «Секеңді секеңдетіп жіберу керек», «Осы неменің интернетін өшіріп тастайтын жақсы адам бар ма»және басқа да пікір қалдырған.

Әлеуметтік желі пайдаланушыларының пікірінше, Серікжан Біләш марқұм болған көрнекті ақынның тырнағына да татымайды, сондықтан екеуін салыстырудың да қажеті жоқ. Арандатушының әрекетіне ашуланған халық Мұхтар Шахановтың қайсар мінезімен өр рухы, елдік мүдде алдындағы адалдығы ешқашан ұмытылмайтынын атап өтіп, Серікжан Біләшқа ел шекарасын аттап баспауға кеңес берді.

Журналист-блогер Абзал Ибрашев те даулы пікірге пікір білдіріп, Біләштің пікірі орынсыз екенін жеткізді.

«Мұхтар Шахановты сынайтындай сен кім едің? Оның жасағанының 1 пайызын да істемедің. Мінберде қазақтың тілі, жастары үшін сөйледің бе?»- деді белсенді.

Естеріңізге сала кетейік, 19 сәуір күні 84 жасқа қараған шағында ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек ері Мұхтар Шахановтың дүниеден өтті. Шоқтығы биік тұлға Түркістан облысының Отырар ауданында 22 сәуір күні жерленді.

Comments