Белгілі журналист, қоғам қайраткері Дана Нұржігіт Меруерт Өтекешованың жалдамалы пәтерде тұратынын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ол актрисаның Қыз Жібек фильміндегі рөлі арқылы халықтың жүрегінен орын алғанын атап өтіп, қазіргі әлеуметтік жағдайының қоғам үшін ойлантарлық мәселе екенін айтты.
Журналист бұл пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.
"Меруерт Өтекешованың Майя Бекбаеваға берген сұқбатын көріп, жүрегім қарс айырылды. Интеллигенция туралы айтқан сөзім Меруерттей апамыз сияқты адамдар туралы. Жаным, апам-ау! Сұлу келбет, нәзік болмысыңызға Аллам қаншама асыл қасиетті үйіп берсе, сынақты да аямай төккен екен-ау! Меруерт апамыздың қарапайым тіршілік кешіп жүргенін іштей сезетінмін. Бірақ үй ішімен Астанада пәтер жалдап тұратыны үш ұйықтасам түсіме кірмейтін, ақылға сыймайтын әділетсіздік. Бұл сұқбат болмаса, ол айтпас та еді-ау айналайын! Сондықтан Баян Алагөзованың ай сайын жасаймын деген қаржылай көмегі бұл мәселенің бергі жағы ғана екен", – деді Дана Нұржігіт.
Сонымен қатар, журналист актрисаның ұлттық мұраға қосқан үлесіне ерекше тоқталды.
"Горбачевтың заманында қор ашып, бір тиынын шашпай «Қыз Жібек» фильмін Мәскеудегі «Мосфильм» архивінен қайта жаздыртып, поезбен алып келіп, үйінде сақтап, елге жеткізген ерлігін айтсаңызшы! Ал Астанада жас жұбайлар отбасылық өмірді әдемі рәсіммен бастайтын Қыз Жібек пен Төлегенге қойылуы тиіс ескерткіш туралы идеясы қандай тамаша", – деді ол.
Дана Нұржігіт актрисаның биыл 75 жасқа толғанын атап өтіп, оған лайықты жағдай жасау қоғамның міндеті екенін жеткізді.
«Мен бәрін жеңемін, өткеремін, бәрі жақсы болады!» деген қайсарлығыңыз өзіңізге деген сенімнен емес, өзіңізден басқа сенеріңіз жоқтан ғой, апау! Басқа шара жоқ! Меруерт Өтекешова биыл 75 жасқа толды. Ең үлкен құрмет – Қыз-Жібегіміздің Ақ Отауын хан түсетін ақ шаңқайлы үй ету! Меруерт Қаратайқызының жағдайын жасау, барынша көмектесу керек. Бұл – барға қанағат, жоққа шүкір деп өскен жанкешті ұрпақ. Жанына батса да, үн қатпайды, арланады", – деп жазды журналист.
