Қазақстан Ресейден электр энергиясын алуды тоқтатпақ

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ktHipOZFbO3fNTRSeeMPfa9Tlthf64TxeKUNW7IO.jpg

Қазақстан 2027 жылға қарай Ресейден электр энергиясын импорттаудан толық бас тартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл мақсатқа 2026 жылдың соңы мен 2027 жылдың басында жоспарланған энергетикалық нысандар уақытылы іске қосылған жағдайда қол жеткізу мүмкін.

2024 жылы энергетиканың тапшылық көлемі 2,1 млрд кВт·сағатты құраса, 2025 жылы шамамен 1,5 млрд кВт·сағатқа дейін азайған. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 1–1,2 млрд кВт·сағат деңгейінде болады деп болжануда. Үкімет 2027 жылға қарай бұл тапшылықты толық жоюды көздеп отыр.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан Ресейден электр энергиясын сатып ала отырып, қыс мезгілінде Қырғызстанға электр қуатын экспорттайды. Бұл көрші елдің су қоймаларында су жинауына мүмкіндік беріп, жаз айларында Қазақстанның оңтүстік өңірлерін суармалы сумен қамтамасыз етуге жағдай жасайды.

Энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу мақсатында елімізде инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенов мәліметінше, жалпы қуаты 15,3 ГВт болатын 82 жоба іске асырылып жатыр. Жобалардың жалпы инвестиция көлемі 13 трлн теңгеден асады.

 

Comments