Бакумен келіссөзден кейін. Ердоған Макронның Армениядан Түркияға өтуіне рұқсат бермеді

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/aCe06IJiPEiH2sZXCcXsftxk5nldnX3NVqxKi1Nu.jpg

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Бакумен өткен келіссөздерден кейін Франция президенті Эмманюэль Макронның Армениядан Түркияға құрлық шекарасы арқылы өтуіне рұқсат бермеді. Бұл туралы әзербайжандық AZfront Telegram-арнасы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

3–5 мамыр күндері түрлі іс-шараларға қатысу үшін Ереванға барған Макрон Армениядан Түркияға жабық құрлық шекарасы арқылы өтіп, Ердоғанмен кездесуді жоспарлаған. Бұл қадам «саяси символдық ишара» ретінде қарастырылған.

Басылымның бірнеше дереккөзіне сүйенсек, сапар Түркия тарапының жекелеген өкілдерімен алдын ала келісілген. Алайда мәселе Түркия басшысының деңгейіне шыққанда, стратегиялық одақтас Әзербайжанмен талқылаудан кейін Ердоған Макронға рұқсат бермеген.

«30 жылдан астам уақыт бойы жабық тұрған түрік-армян шекарасы арқылы Франция президентінің өтуі үшінші тараптың қатысуымен екіжақты коммуникациялардың ашылуының бұрын-соңды болмаған мысалына айналар еді. Африка мен Таяу Шығыстағы ықпалын жоғалтып, Израильмен қарым-қатынасын нашарлатып, Украина бағытында да нәтижеге жете алмаған Макронның бұл жүзеге аспаған әрекеті Париждің геосаяси амбициясы мен халықаралық аренадағы нақты ықпалы арасындағы алшақтықты тағы бір мәрте көрсетті», — деп жазады басылым.

Сондай-ақ мақалада Le Journal du Dimanche газетінің «Макрон тұсында француз дипломатиясы өз маңызын жылдам жоғалтып жатыр» атты материалы мысал ретінде келтірілген.

Осы жағдай аясында Түркияның Армениямен қатынасты қалыпқа келтіру жөніндегі арнайы өкілі Сердар Кылычтің мәлімдемелері де резонанс тудырды. Ол «Ереванда өзін үйіндегідей сезінетінін» және армян әріптесі Рубен Рубинянмен келіссөздер кезінде «Түркияның емес, армян халқының мүддесін басшылыққа алғанын» айтқан.

Әзербайжандық БАҚ оның бұл риторикасы Түркия билігінің ресми ұстанымына қайшы келетінін және ұлттық мүддеден ауытқу ретінде қабылдануы мүмкін екенін атап өтті.

Comments