Қарағандыда демалыс пен ойын-сауыққа арналған жаңа орталық бой көтереді

259
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Nh1CUBdINGFVTMPDVMmEAuMIIEQ0wIWvVXzrTZG9.jpg

Қарағандыда демалыс пен мәдени іс-шараларға арналған ауқымды жобаны жүзеге асыру басталды. Қалада мүлде жаңа форматтағы Keruen Karaganda сауда-ойын-сауық орталығы салынады

Аумағы 180 мың шаршы метрден асатын көпфункционалды кешенде заманауи кітапхана, бірнеше залдан тұратын кинотеатр, жыл бойы жұмыс істейтін мұз айдыны, тақырыптық балалар паркі, концерттік және түрлі іс-шараларға арналған алаңдар орналастырылады.

Жаңа орталық қалалық өмірдің маңызды кеңістігі ретінде жобаланған. Мұнда фестивальдер, көрмелер, гастрономиялық жәрмеңкелер, спорттық іс-шаралар мен мұз шоуларын өткізу жоспарланып отыр.

— Аумағы 180 мың шаршы метрді құрайтын жаңа орталық Keruen желісіндегі ең ірі нысан әрі Қазақстандағы ең ауқымды кешендердің біріне айналады. Мұнда әлемдік және отандық үздік брендтер, фудкорттар, балаларға арналған ойын-сауық алаңдары, сондай-ақ заманауи кітапхана ұсынылады. Ең бастысы, жобаның жүзеге асуы өңір экономикасының дамуына жаңа серпін береді: кемінде 3900 жұмыс орны ашылып, салық түсімдері артады, жастар мен кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады, — деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Жобаны KeruenCity Karaganda ЖШС жүзеге асырады. Сәулеттік тұжырымдаманы ірі коммерциялық және қоғамдық кеңістіктерді жобалауға маманданған Лондондағы Chapman Taylor компаниясы әзірлеген. 

Жобада тек сауда бағытына ғана емес, демалыс пен мәдениет саласын дамытуға да басымдық берілген. 

Негізгі міндеттердің бірі — ішкі туризмді дамыту.

— Біз Keruen Karaganda жобасын адамдарға арналған кеңістік ретінде салып жатырмыз. Бұл жай ғана сауда орталығы емес, бүкіл отбасы жайлы уақыт өткізе алатын орын болады. Мұнда ашық аспан әсерін беретін шыны күмбездер, жабық автотұрақ, мұз айдыны, отбасылық парк және жан-жақты ойластырылған инфрақұрылым қарастырылған. Тіпті келушілер жылы автобус аялдамасынан лифтке тікелей өтіп, сол арқылы сауда-ойын-сауық орталығына жайлы көтеріле алатындай жағдай жасадық. Біздің міндетіміз — әрбір бөлшекті ескеріп, Қарағандыда тұрғындар сүйіп келетін жаңа буындағы заманауи сауда орталығын қалыптастыру, — дейді Keruen Karaganda компаниясының бас директоры Галина Зкрияева.

Кешен екі жерүсті қабатынан және жерасты автотұрағынан тұрады. 

Жобаны жүзеге асыру екі кезеңге бөлінген: негізгі бөлігін 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланса, екінші кезеңін 2028 жылы іске асыру көзделіп отыр.

Жаңа сауда-ойын-сауық орталығы Тәттімбет көшесінде, «Күнгей» шағынауданы бағытына қарай орналасады.

Comments
Other materials