Испанияда Димаш туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
30 мамыр күні Мадрид қаласында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы мен оның испандық жанкүйерлер қауымдастығына арналған «Al Compás de Su Voz» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті.
Жоба Димаштың Испаниядағы фан-клубы мен La Gran Voz Kazaja қауымдастығының бірлескен бастамасымен жүзеге асқан. Фильмнің режиссері – жас испан кинематографисі Давид Кольянтес Родригес.
Көрсетілім Мадридтегі Palacio de Hielo кинотеатрында ұйымдастырылып, оған 130-дан астам көрермен қатысты. Қонақтар қатарында Қазақстанның Испаниядағы елшілігінің өкілдері, елші Данат Мұсаев бастаған дипломаттар, қазақ диаспорасының мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері болды.
Деректі фильмде испандық Dears қауымдастығының бес мүшесінің оқиғалары баяндалады. Олар Димаш шығармашылығымен алғаш танысқан сәттері мен әншінің өнерінің өз өмірлеріне тигізген әсері туралы әңгімелейді.
Түсірілім барысында режиссер Испанияның бірнеше өңірін аралап, кейіпкерлермен кездесіп, қазақстандық әншінің халықаралық жанкүйерлер қауымдастығының феноменін зерттеген. Жоба авторларының айтуынша, фильмнің басты мақсаты – әлемге «Димаш қозғалысы» құбылысын және әртістің тыңдармандарына тигізіп отырған мәдени әрі эмоциялық ықпалын көрсету.
Алдағы уақытта фильм Испаниядағы ұлттық кинофестивальдерде көрсетіледі. Фестивальдік прокат аяқталған соң туындыны ашық онлайн-платформаларда жариялау жоспарланып отыр.
Халықаралық көрермендер үшін фильмге ағылшын, қазақ, орыс және қытай тілдерінде субтитрлер әзірленеді.
