Жаңа музыкалық толқындағы бес жыл: Алматыда мерейтойлық Beu Fest фестивалі дүркіреп өтті

169
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/WhCspFyCKyWTPMeTB2Eu3UCgzava5zL8SW33644D.jpg

Кеше, 6 маусым күні, Алматыдағы «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінің аумағында заманауи қазақстандық музыканың басты мерекесі — мерейтойлық Beu Fest фестивалі өтті. Beu FM радиостанциясының тікелей қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды шара мыңдаған көрермен жинап, осы жаздың басындағы ең жарқын мәдени оқиғаға айналды.

Осыдан бес жыл бұрын бастау алған Beu Fest бүгінде Қазақстанның мәдени өмірінің ажырамас бөлігі және музыкалық трендтерді қалыптастыратын басты алаң ретінде танылды. Радио мен жанды дауыстың бірегей синергиясы жобаға ерекше мәртебе береді, ал оның ауқымы жыл сайын артып келеді. Бұл жолғы мерейтойлық фестиваль бұрын-соңды болмаған лайнаппен, озық шоу-технологиялармен және ғажайып энергетикасымен есте қалды.

Жанрлар тоғысы және аңыздардың оралуы. Биыл ұйымдастырушылар бір сахнада еліміздің басты хитмейкерлерін, жастардың кумирлерін және эстрада аңыздарын жинады. Көрермендерге Ninety One, Қайрат Нұртас, Shiza, ALEM, Yenlik, M'Dee, Ayau, Жанар Дұғалова, Bonapart, Ulukmanapo және Мирбек Атабеков ұмытылмас әсер сыйлады.

Фестиваль өзінің басты миссиясын тағы да дәлелдеді: өзекті хип-хоп пен индиден бастап, культтік Q-pop пен эстрадаға дейінгі стильдер арасындағы шекаралар толығымен жойылды. Тректері ностальгия тудыратын аты аңызға айналған Ghetto Dogs тобының сахнаға оралуы ерекше фурор жасады. Бүгінгі чарт көшбасшыларының қуатты энергетикасы «Сұңқар» кешенін дүр сілкіндірді — мыңдаған көрермен сүйікті хиттерін әртістермен бірге шырқады.

5-ші мерейтойлық Beu Fest-тің ерекше көркі көрермендер үшін нағыз тосынсый болған күтпеген коллаборациялар болды. Кештің басты жаңалығы Shiza мен Жанар Дұғалованың бірлескен фиті — мыңдаған халықтың қошеметіне бөленген жанрлардың батыл үйлесімі еді.

Фестивальдің тағы бір эксклюзиві дүркіреген премьераға ұласты: Ulukmanapo мен Yenlik сахнада мінсіз стилі мен қуатты энергетикасын паш ете отырып, өздерінің су жаңа ортақ әнін тарту етті.

Ал іс-шара барысында көрерменнің көңіл-күйіне тағы бір жарқын дуэт — харизматикалық жүргізушілер тандемі Жека Fatbelly мен Сабиркин жауап берді. Олардың халықпен байланысы бұл кешті шынымен де ұмытылмастай етті.

«Биыл Beu Fest өзінің бес жылдығын мүлдем жаңа сапалы деңгейде атап өтті. Біз мықты музыкалық құрамды жинап қана қоймай, заманауи қазақстандық музыканың қаншалықты ауқымды, көп қырлы және қуатты екенін көрсеттік. Біздің идеямызды қолдаған әрбір көрерменге, әртістерге, серіктестерге және, әрине, Beu FM радиосының тұрақты тыңдармандарына зор алғысымызды білдіреміз. Бұл — біздің ортақ жеңісіміз және үлкен мәдени мереке», — деп атап өтті Beu Fest фестивалінің ұйымдастыру комитеті.

Мерейтойлық Beu Fest тек ауқымды концерт қана емес, сонымен қатар индустрияны дамытуға арналған нағыз жолашар алаңға айналды. Жылдан жылға фестиваль үлкен сахнаға жаңа есімдерді шығарып, жаңа таланттарды таныстырудың маңызды дәстүрін сақтап келеді. Бұл жолы көп мыңдық аудитория жарқын дебютанттарды: SALSERI, DIDAR TOLEGEN, ASTRA, UMAY, сондай-ақ Beckth & Tibo-ны ыстық ықыласпен қарсы алды. Көрермендердің жоғары мәдениеті мен ұйымдастырушылардың кәсібилігінің арқасында ауқымды іс-шара қауіпсіздік пен жайлылықтың ең жоғары деңгейінде өтті.

Comments