"Сайлау науқанының ресми басталғанын білдіреді". ОСК күнтізбелік жоспарын бекітті

138
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/oxV2ACf2P6teyV0r57CidBW2cRmCjrzJdAebyFfJ.jpg

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын дайындау мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспарын бекітті.

«Күнтізбелік жоспардың бекітілуі сайлау науқанының ресми басталғанын білдіреді. Бұл құжат Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес барлық сайлау рәсімдерінің кезектілігі мен мерзімдерін айқындайды, олардың уақтылы ұйымдастырылуын қамтамасыз етеді және сайлау процесіне қатысушылардың барлығы үшін тең құқықтық жағдай қалыптастырады», – деді Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.

Оның айтуынша, күнтізбелік жоспарға сәйкес, 2–13 шілде аралығында (сағат 18:00-ге дейін) саяси партиялар партиялық тізімдерін ұсына алады. Кандидаттардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігі тексерілгеннен кейін Орталық сайлау комиссиясы оларды тіркейді. Тіркеу дауыс беру күніне 30 күн қалғанда, яғни 23 шілде күні сағат 18:00-ден кешіктірілмей аяқталады.

Сайлау алдындағы үгіт жұмыстары 2026 жылғы 23 шілде сағат 18:00-ден кейін басталып, 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады. 22 тамыз – тыныштық күні. Бұл күні сайлауалды үгіт жүргізуге жол берілмейді.

16 шілдеден кешіктірілмей сайлау учаскелерінің шекаралары мен учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары жарияланады.

2 тамызда жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімдерін учаскелік сайлау комиссияларына береді, ал 7 тамыздан бастап сайлаушылар тізіммен танысып, ондағы деректердің дұрыстығын тексере алады.

Дауыс беру 23 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Сайлау учаскелері жабылғаннан кейін дауыстарды санау басталады, ал сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы он күн ішінде анықтайды.

Comments