Қытай теңіздегі мұнай платформаларын жел энергиясымен қамтымақ

293
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Y8rFNzgcwp7c0a0KwZa4M6tcJQdcYuKG9Ihctv3o.jpg

Қытай әлемдегі ең ірі жүзбелі жел турбинасын теңізге жіберді. Ол Tension-Leg Platform (TLP) үлгісіндегі платформаға орнатылған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ixbt.com-ға сілтеме жасап.

Қондырғы жағалаудағы электр желісін емес, теңіздегі мұнай-газ платформаларын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. TLP — теңіз түбіне бекітілген тік тартпалар арқылы орнында ұсталып тұратын жүзбелі теңіз платформасының түрі. Мұндай құрылым тік тербелісті барынша азайтып, турбинаны қатты толқындар болатын терең сулы аудандарда да пайдалануға мүмкіндік береді.

Жобаны Қытайдың мемлекеттік мұнай-газ компаниясы — CNOOC әзірлеген. Қуаты 16 МВт болатын турбина қазірдің өзінде Оңтүстік Қытай теңізіндегі Луфэн мұнай кен орны бағытына жөнелтілді. Онда ол суасты кабельдері арқылы мұнай өндіру платформаларына қосылады. Бұл олардың энергиямен қамтамасыз етілуіне жұмсалатын отын шығынын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Қондырғының жалпы биіктігі 307 метрді, ал салмағы шамамен 8 мың тоннаны құрайды.

CNOOC есебінше, жел қондырғысы жыл сайын шамамен 54 миллион кВт·сағат электр энергиясын өндіре алады. Бұл теңіз платформаларындағы отын тұтынуын айтарлықтай қысқартуға жеткілікті. Компания жыл сайын шамамен 15 мың текше метр отынды үнемдеп, көмірқышқыл газы шығарындыларын 35 мың тоннаға дейін азайтуды жоспарлап отыр.

 

 

Comments