Әзербайжан Ресей елшісіне наразылық нотасын тапсырды

263
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/r0qNbJOx2cxW3n7vRpR399MPtYQ0K8wS1jLqn1XA.jpg

Ресейдің Бакудегі елшісі Михаил Евдокимов Әзербайжанның Сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Бұл туралы Әзербайжан СІМ Report агенттігіне мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Кездесу барысында 5 шілде күні кешке Украинаның Николаев облысындағы SOCAR жанармай құю стансасына дронмен жасалған шабуылға байланысты Ресей тарапының атына қатаң наразылық білдірілді.

Ресей жағына осыған қатысты ресми нота табысталды.

Әзербайжан тарапы бұл мұндай алғашқы оқиға емес екенін атап өтті. Бұған дейін Украинадағы SOCAR компаниясына тиесілі нысандар, оның ішінде газ тарату компрессорлық стансасы мен Одессадағы мұнай базасы да әскери шабуылдарға ұшырап, компанияға айтарлықтай материалдық шығын келген. Сондай-ақ компания қызметкерлері арасында зардап шеккендер болған.

Министрлік бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, мұндай оқиғалардың жалғасуы шабуылдардың әдейі жасалып отырғанын көрсететінін мәлімдеді.

Кездесу барысында сондай-ақ әуе шабуылдары салдарынан Әзербайжанның Киевтегі елшілігі мен Харьковтағы құрметті консулдығының ғимараттары зақымданғаны айтылды. Әзербайжан тарапы Вена конвенцияларына сәйкес дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық міндеттемелерді қатаң сақтау қажеттігін ерекше атап өтті.

Әзербайжан СІМ Ресей тарапын аталған оқиғалардың барлығы бойынша жан-жақты тергеу жүргізуге, тиісті түсініктеме беруге және азаматтық нысандар мен дипломатиялық өкілдіктерді қорғауға қатысты халықаралық міндеттемелерді сақтауға шақырды.

Айта кетейік, 5 шілде күні кешке Ресей Қарулы күштері Украинаның Николаев облысындағы SOCAR жанармай құю стансасына ұшқышсыз ұшу аппаратымен соққы жасағаны хабарланған.

Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік мұнай компаниясы SOCAR (State Oil Company of Azerbaijan Republic) – елдегі ең ірі мұнай-газ компаниясы әрі тігінен интеграцияланған халықаралық энергетикалық корпорация. Компания Әзербайжанның, Еуропаның және жалпы өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Comments