Қазақстан Халық партиясы Құрылтайдың алғашқы сайлауына қатысу стратегиясын айқындады

183
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/MKXMydXwHWRG718KsmTriyg34cTtruOxfzWLlrQT.jpg

Қазақстан Халық партиясы сайлауалды бағдарламасы мен кандидаттар тізімін бекітті.

Елордада Қазақстан Халық партиясының (ҚХП) кезектен тыс ХХV съезі өтті. Бұл – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енгеннен кейінгі партиялық бірлестіктің алғашқы съезі. Ауқымды форумның басты қорытындысы 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарының сайлауына арналған сайлауалды саяси бағдарламаны ресми түрде бекіту, 72 кандидаттан тұратын партиялық тізімді мақұлдау, сондай-ақ Саяси кеңестің жаңа құрамын сайлау болды.

Елдің барлық өңірлерінен келген делегаттар алдында Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов бағдарламалық баяндама жасады. Өз сөзінде ол әділ саясатты ұлттық домбырамен теңестірді: домбырада жалған ойнау мүмкін емес, өйткені халық жалғандықты бірден сезеді.

– Халқымыз үшін жаңа кезең басталды. Жаңа Конституция қабылданады. Бұл құжат бүгін де, болашақта да халыққа қызмет етеуі тиіс. Оған біздің партияның қосқан үлесі зор. Бүгін Қазақстан Халық партиясы үшін тарихи күн. Біз партияның стратегиялық бағдарламасын бекітеміз. Осы бағытта еңбек ететін мықты кандидаттарды ұсынамыз.

ҚХП төрағасы партияның ұстанымы өзгеріссіз қалатынын атап өтті: Қазақстанның табиғи байлығы, ең алдымен, оның азаматтарының әл-ауқатына жұмыс істеуі керек. ҚХП үшін әлеуметтік басымдықтар – есеп берудің құрғақ тармақтары емес, нақты істермен дәлелденген күнделікті практикалық жұмыс. Бұған су тасқыны зардаптарын жою, аналарды қолдау, ерекше балалары бар отбасыларға көмектесу және еңбек адамының құқықтары үшін қатаң күрес дәлел бола алады.

Съезде таныстырылған сайлауалды платформа делегаттар мен кәсіби қоғамдастық тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Бағдарламаны талқылау блогында танымал сарапшы-практиктер сөз сөйледі. Білім беру саласының маманы Лейлә Күленова бағдарламаның мектепке дейінгі және мектептегі білім беруге баса назар аударуы – елдің әрбір қиырдағы ауылы мен аудан орталығындағы нақты жағдайға негізделген өте қуатты стратегиялық қадам екенін мәлімдеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Серік Беркамалов адам капиталы мен еңбек адамын қорғау мәселесі ҚХП-ның жаңартылған платформасының негізіне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ, бағдарламаны қолдап Қалел Мақсұтов сөз сөйледі.

72 кандидаттан тұратын партиялық тізімнің сапасына ерекше мән берілді. Оның құрамына азаматтардың мүдделерін ашық қорғауға дайын, өз саласының білікті мамандары: заңгерлер, экономистер, мұғалімдер, дәрігерлер, сондай-ақ беделді қоғамдық пікір көшбасшылары кірді. Мінберден танымал қоғам қайраткері Ирина Смирнова мен танымал медиа тұлға Аша Матай командаға өз қолдауын білдірді.

Съезд барысында партияның Саяси кеңесінің құрамы толық жаңартылды, оның стратегиялық міндеттерін Эльмира Әуезова, Ләззат Сүлейменова және Балжан Досмұхамбетова таныстырды. Нұрсұлтан Шоқанов ұрпақтар сабақтастығына ерекше тоқталып, көрнекті мемлекет қайраткері Ермұхамет Ертісбаевқа принципшілдігі, қайсар мінезі және бірегей саяси мектеп қалыптастырғаны үшін терең алғысын білдірді.

Съездің соңында Венера Нигматуллина мен Тамара Асардың бағдарламалық үндеулері тыңдалды. Осынау маңызды оқиғаның қорытындысын партия басшысы түйіндеп, делегаттарды енжарлықты жеңуге, әр үйге жетуге және Халық партиясының Қазақстан азаматтарының сеніміне лайық екенін іспен дәлелдеуге шақырды.

Comments