Партиялар бір күнде білім беру, экология, тарихи жады және еңбек тақырыптарын қалай тоғыстырды?

163
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JNxi0Y9e0vCgaH6lx9XQAFjSPhZqMc1suQJpuMPS.webp

Кеше партиялар мектептерде, ауруханаларда, зауыттарда және архивтерде сайлаушылармен кездесіп, әр саланың өзекті мәселелерін талқылады. Көтерілген тақырыптар әртүрлі болғанымен, олардың бәрін біріктірген ортақ өзек – еңбек адамы және оның күнделікті мәселелері болды.

Көкшетау – болашақ қалалар туралы

«Әділет» партиясының өкілдері Ақмола облысының тұрғындарымен кездесті. Партияның республикалық сайлауалды штабы ұйымдастырған кездесуде көкшетаулықтар өңір үшін маңызды бастамаларды ұсынды. Олардың қатарында кәсіпкерлерге арналған бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу, колледждерге жасанды интеллект технологияларын енгізу, коммуналдық желілерді жаңғырту және жаңа жұмыс орындарын құру бар.

Өңірлердегі жұмысын жалғастырған «Әділет» спортшылармен, жаттықтырушылармен, өнеркәсіп кәсіпорнының ұжымымен, сондай-ақ туризм және шипажай-курорт саласының өкілдерімен кездесті. Кездесулерде спортты, туризмді, кәсіпкерлікті және агроөнеркәсіп кешенін дамыту, фермерлерді қолдау мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселелері талқыланды.

Кездесулердің бірінде Ақмола облыстық олимпиадалық резервті даярлау орталығының әдіскері Екатерина Круглик балалардың тұрғылықты жеріне немесе отбасының материалдық жағдайына қарамастан тегін спорт секцияларына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Мектеп – реформаның бастауы

ЖСДП елдің болашағы білім беру жүйесіне байланысты деп есептеп, осы тақырыпқа арналған арнайы конференция өткізді. Депутаттыққа кандидаттар, педагогтер мен сарапшылар білім сапасы, кадр тапшылығы, мектеп инфрақұрылымының жай-күйі және мұғалімдерді қолдау мәселелерін талқылады.

Талқылау қорытындысында қатысушылар бір пікірге келді: мектепте жүйелі реформалар жүргізілмейінше, бәсекеге қабілетті мемлекет туралы айту қиын.

Сол күні білім беру тақырыбына қатысты өз ұстанымын Respublica партиясы да білдірді. Кандидат Нұргүл Тау Қазақстан халық партиясының PISA нәтижесі төмен мектептерге айыппұл салу туралы бастамасын сынға алып, мұндай тәсіл мәселені шешудің орнына кінәліні іздеуге ұқсайтынын айтты.

Оның пікірінше, ауыл мектептері бастапқыдан-ақ қалалық мектептермен тең жағдайда емес. Сондықтан олардан бірдей нәтиже талап ету – орынсыз, ал мұғалімдерді жазалау білім беру жүйесінің әлсіздігін ғана көрсетеді.

Respublica басқа жолды ұсынады. Партия мұғалімдерді жазалаудың орнына білім беру ортасын дамыту мен педагогтерді қолдауды құптайды.

Экология – дәрігерлер көзімен

«Байтақ» партиясы үшін экология мәселесі денсаулық сақтау саласымен тығыз байланысты. Кеше бұл ұстаным іс жүзінде көрініс тапты.

Кандидат Таир Сағымбаев Ақтаудағы №2 қалалық емхананың ұжымымен кездесті. Кездесу барысында медицина саласының жай-күйі, өңірдің экологиялық қауіпсіздігі және пациенттерді әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды.

Партияның пайымынша, нақты шешімдер кеңсе қабырғасында емес, күн сайын халықпен жұмыс істейтін мамандардың пікіріне сүйене отырып қабылдануы тиіс.

Тарихи жады – саяси күн тәртібінде

Қазақстан халық партиясы кеше тарихи жады тақырыбына ерекше назар аударды. Партия іздестіру жұмыстарын, архивтік зерттеулерді және патриоттық жобаларды қолдау мақсатында «Мемориалдық аймақ» бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Партия төрағасы Нұрсұлтан Шоқановтың айтуынша, оның арғы атасы ондаған жыл бойы хабар-ошарсыз кеткендер қатарында саналып келген. Кейін іздестіру жасағы оның жерленген орнын анықтаған.

ҚХП бұл бастаманы ата-баба ерлігіне тағзым етудің және тарихи шындықты сақтаудың маңызды бөлігі деп есептейді.

Кеншілер өлкесіндегі кездесулер

Кеше Қостанай облысына төрағасы Қайрат Айтуғанов бастаған «Ауыл» партиясы барды. Ол еңбек ұжымдарымен, партия белсенділерімен және ауыл тұрғындарымен кездесіп, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және инфрақұрылымды жаңарту мәселелерін талқылады.

Сапар барысында Айтуғанов өзінің еңбек жолы басталған «Қазпошта» ұжымымен де кездесті. Сапар жастар волонтерлерімен бірге өткен үгіт-насихат акциясымен аяқталды.

Ал дәл осы уақытта Қарағандыға «Ақ жол» партиясының төрайымы Дәния Еспаева барды. «Seven Refractories Asia» ЖШС ұжымымен кездесуде отандық өндірушілерді қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, салық саясаты және өнеркәсіпті дамыту мәселелері сөз болды.

Соңғы күндері бірнеше партияның Жезқазған мен Қарағанды облысын кездесу алаңы ретінде таңдауы кездейсоқ емес. Бұл өңірлер ұзақ жылдар бойы ел экономикасының дамуына үлес қосып келе жатқан еңбек адамдарының символына айналған. Бағдарламалары әртүрлі болғанымен, еңбекке құрмет тақырыбы көптеген партияларды ортақ ұстаным төңірегіне топтастырып отыр.

Жезқазғандағы пікірталас

Respublica партиясы Жезқазғанда өз жақтастарының форумын өткізіп, онда өңірдің өнеркәсібі, жолдарының жағдайы, медицинасы және білім беру саласы талқыланды.

Алайда көпшіліктің назарын бағдарламалық ұсыныстардан гөрі Мейір Алпысовтың «Ақ жол» партиясының сынына берген жауабы аударды.

Ол мемлекет азаматтарын «ұры немесе жемқор» ретінде қабылдамауға шақырып, шетелде табыс тауып жүрген қазақстандықтардың қаражатын ел экономикасына инвестициялауға жағдай жасау қажет екенін айтты. Оның пікірінше, оларды әлеуетті заң бұзушы ретінде қарастыру дұрыс емес.

Осылайша, бір күннің ішінде сайлауалды науқанда екі негізгі пікірталас айқындалды. Оның бірі – мектептерге айыппұл салу мәселесіне, екіншісі – шетелде бизнес жүргізетін қазақстандықтарға деген сенімге қатысты болды. Бұл сайлау жақындаған сайын партиялардың өзара ашық пікірталасқа жиі түсіп жатқанын және олардың бағдарламалары арасындағы нақты айырмашылықтардың барған сайын айқындала түскенін көрсетеді.

Comments