«Велосипедші машинама әдейі келіп соғылды». Динара Егеубаеваның сөзін желі қолданушылары жоққа шығарды

194
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ebLwMqGRtKFHOlCadoaazdLGY4bCa3GguCJTQa3i.jpg

Журналист Динара Егеубаева машинамен қағып кеткен велосипедшінің денсаулығына қатысты тың деректер белгілі болды. Жол-көлік оқиғасынан кейін Егеубаева әлеуметтік желіде апатты әдейі ұйымдастырылған «автоподстава» болуы мүмкін екенін, себебі ер адамның оның көлігіне өзі келіп соғылғанын мәлімдеген еді. Алайда, зардап шегуші алған жарақаттардың сипаты қазақстандықтардың күмәнін тудырды.

Орталық қалалық клиникалық аурухананың хабарлауынша, науқас қабылдау бөліміне шұғыл түрде жеткізіліп, кешенді тексеруден өткен. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Ер адамға бас сүйек-миының жабық жарақаты, мидың шайқалуы, кеуде қуысының жабық жарақаты және екі қабырғасының сынуы диагнозы қойылған. Оған қоса, сіңірлердің үзілуі мен сүйектің сынуына әкеп соққан оң жақ тізе буынының ауыр зақымдануы анықталды. Қазіргі уақытта зардап шегуші аралас жарақаттар бөлімшесіне жатқызылды.

Медициналық мәліметтер жарияланғаннан кейін әлеуметтік желінің көптеген қолданушылары журналистің сөзін қатаң сынға алды. Пікір қалдырушылар диагноздардың ауырлығы «автоподстава» туралы әңгімемен еш үйлеспейтінін алға тартуда, себебі адам өмірін қатерге тігіп немесе мүгедек болып қалу қаупін біле тұра, көлік астына өз еркімен түсе салуы мүмкін емес.

Жол апатының нақты себептері мен мән-жайын анықтау енді құқық қорғау органдарының еншісінде.

Comments