Ресей президенті Владимир Путин мобилизация, әскери жағдай немесе соғыс уақытында әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасай алатын сотталған азаматтар тізімін кеңейтетін заңға қол қойды. Құжат құқықтық ақпараттың ресми порталында жарияланды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Заң «Әскери міндет және әскери қызмет туралы» заңның 34-бабына өзгерістер енгізеді. Өзгерістерге сәйкес, келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдауға кедергі келтіретін шектеулер қатарынан қолма-қол ақша, есірткі, қару-жарақ, жарылғыш заттар, ядролық материалдар және өзге де қауіпті заттардың контрабандасына, бандитизмге және қылмыстық қауымдастық ұйымдастыруға қатысты бірқатар қылмыс түрі алынып тасталды.
Тізімге сондай-ақ күзетілетін нысанға заңсыз кіру, отын-энергетика кешені нысандарының қауіпсіздігін бұзу, ядролық материалдармен заңсыз жұмыс істеу және оларды ұрлау, мемлекеттік құпиясы бар құжаттарды жоғалту, заңсыз көші-қонды ұйымдастыру секілді қылмыстар да енгізілген.
Ал кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы бірқатар қылмыс үшін сотталған азаматтарға әскери қызмет туралы келісімшарт жасау құқығы берілмейді.
Мемлекеттік дума бұл заңды 22 шілдеде қабылдап, 24 шілдеде Федерация кеңесі мақұлдаған.
Қорғаныс министрінің орынбасары Виктор Горемыкиннің айтуынша, құжат келісімшарт бойынша әскери қызметке тартылуы мүмкін кандидаттар санын арттыруға мүмкіндік береді. Оның сөзінше, соттылығы бар әскери қызметкерлер басқа келісімшартшылардан бөлек арнайы бөлімшелерде қызмет етеді. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі мұндай әскери қызметкерлерге Бас прокуратура, Тергеу комитеті және Жоғарғы сотпен бірлесіп әзірленген қосымша бақылау шаралары қолданылатынын мәлімдеген.
Еске салсақ, 2022 жылдың қарашасында Путин кейбір ауыр қылмыстар үшін сотталған және соттылығы алынбаған азаматтарды мобилизация аясында әскери қызметке шақыруға мүмкіндік беретін заңға қол қойған болатын. Содан бері Украинадағы әскери операцияға қылмыс жасаған адамдарды тарту тәжірибесі біртіндеп кеңейтіліп келеді.
Vice Prime Minister and Minister. Jamaubayev told about the difficulty of carrying out two duties at the same time
