Абай күніне орай Қазталов ауданында «Мен оқыған 30 кітап» IV аудандық байқауы өтіп, кітаппен достасқан жас өрендердің білім мен білік, ой мен зерде сайысына айналды.
«Мен оқыған 30 кітап» байқауы Казталов ауданында төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Биылғы білім додасына аудан мектептерінен 200-ге жуық оқушы қатысып, өздері оқыған шығармалар арқылы әдеби талғамын, таным көкжиегін, ой ұшқырлығын ортаға салды.
Байқаудың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев қатысып, жас кітапсүйерлерге сәттілік тіледі. Ол кітап оқудың жеке тұлғаның қалыптасуындағы айрықша рөліне тоқталып, білім мен ізденісті серік еткен жастың ел болашағындағы орны ерекше екенін атап өтті.

Биылғы байқаудың әділ бағасын беру үшін ел әдебиеті мен мәдениетіне еңбегі сіңген азаматтардан құралған қазылар алқасы жұмыс істеді. Қазылар алқасының төрайымы – ақын, ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры, «Казталов ауданының Құрметті азаматы», Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, «ҚР мәдениет саласының үздігі», Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Дариға Мұштанова болса, қазылар алқасының мүшелері қатарында «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісінің иегері Лаура Бердіғалиева және ақын, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қыдырғали Абдрахманов болды.

Аудан орталығындағы А.Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің базасында байқаудың ашылу салтанаты мен тестілеу кезеңі өтсе, аудандық мәдениет үйінде марапаттау рәсімі өтті. Марапаттау рәсіміне аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысып, жас өрендерге ризашылығын білдірді.
— Ұлы Абай: «Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге», – дейді. Осы төрт жолдың өзінде адам баласының өмірлік бағыты жатыр. Абай бізге байлықтан бұрын – арды, атақтан бұрын – білімді, ал білімнен бұрын – талапты биік қоюды аманат етті. Ал білімнің сарқылмас бұлағының бірі – кітап. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда білімді, ойлы, зерделі ұрпақ тәрбиелеудің маңызын үнемі айтып келеді. Кітап оқитын, білімге ұмтылатын ұрпақ елдің интеллектуалдық капиталы. Бүгінгі байқауға аудан мектептерінен 200-ге жуық оқушының қатысуы – осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелі екенін көрсетеді. Бұл біздің ауданымызда кітапқа құштар, ізденіске бейім жас буынның қалыптасып келе жатқанының жарқын көрінісі, — деді аудан әкімі.
Байқау қорытындысы бойынша 5-7 сынып оқушылары арасындағы бәсекеде Жаңатаң ауылының оқушысы Жангүл Тілекқабыл топ жарып, І орынға ие болды. Жеңімпазға 100 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды. Бір қызығы, бұл санатта Жангүлдің інісі Сұлтан Тілекқабыл да жүлдеден көрінді. Ол ІІ орынға лайық деп танылып, 70 мың теңге иеленді. Ал казталовтық Мадина Аққали ІІІ орынды қанжығасына байлап, 50 мың теңгелік сыйақыға ие болды.
Сонымен қатар Төрәлі Еркебұланұлы, Алина Жасқайрат, Жанайым Кенжеғали, Жәнел Кенжеғали, Марғұлан Өтегенов, Зере Максимова, Нұрзада Алтаева, Айжұлдыз Есет, Асылнұр Бақтығали, Айнар Маликова 20 мың теңгелік ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
8-11 сынып оқушылары арасындағы дода да тартысты өтті. Бұл санатта А.Хұсайынов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Сезім Салауатқызы үздік атанып, І орынға ие болды. Жас жеңімпазға 100 мың теңге сыйақы табысталып қана қоймай, облыстық және республикалық кезеңдерге тікелей жолдама берілді. ІІ орын Қараөзен мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Жансая Хайруллаға бұйырса, ІІІ орынды Казталов мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Нұрила Тыныбекова иеленді. Жүлдегерлер тиісінше 70 мың және 50 мың теңгелік сыйақылармен марапатталды.
Бұл санатта Ақерке Бақтыгерей, Аяна Ермұхан, Мадина Бахытжан, Дильназ Ғалым, Айымжан Қабошева, Айымжан Бақтыгереева, Диана Ермекова, Аяна Амантаева, Айназ Бақытова, Жанерке Дауылбай ынталандыру сыйлығына ие болды. Ал байқауға қатысқан өзге де оқушылардың еңбегі ескерусіз қалмай, оларға естелік сыйлықтар табысталды.
Кеше ғана кітаптың кейіпкерлерімен бірге қуанып, бірге мұңайған бала бүгін сол шығарманың мәнін өзгелерге айтып, өз ойын еркін жеткізуді үйренеді. Демек, кітап оқу – жай ғана әдет емес, ойлау мәдениетін қалыптастыратын, сөз қадірін ұғындыратын, адамды адам ететін үлкен мектеп.
— Төрт жылдан бері жалғасып, дәстүрге айналып келе жатырған «Мен оқыған 30 кітап» жобасы Казталов ауданында Абай күніне сәйкес келуі бұл символикалық үлкен бір үйлесім деп есептеймін. Бұл Абайдың күніне арнайы жасалған, іспен жасалған қызмет деп есептеймін. Осы күні 200-ге жуық бала байқауыға қатысып, өздерінің қаншалықты кітапты оқып, меңгеріп, игеріп, қызығып, сіңіріп оқығандарын бір түйін түйіп шыққандарын көрсетті. Сол балалардың кітапқа деген қызығушылығына, құмарлығына риза болдық. Абайдың да көксегені осы еді. Абайда кітапқұмар болды. Бала кезінен солай өскен адам еді. Ол туралы да әңгімелер болды. Меніңше бүгін өте орайы келген жемісті шырайлы күн болды. Бұл «Мен оқыған 30 кітап» жобасы үлкен қозғалысқа айналу керек деп есептеймін. Аудан аудандар, ауыл ауылдар, мектеп мектептер, әулет әулеттер қолдап жаппай халықтық қолдауға ие болса, онда біздің қоғамымыздың шырайы кіре түседі. Анандай мынандай оқылықтардың орынын жабамыз деп есептеймін.Осы қозғалыс Қасым-Жомарт Кемелұлы тектен тек айтып отырған жоқ, кітап оқуға тектен тек үндеп отырған жоқ, осы жердегі олқылықты біздің қоғамымыздың келеңсіз көріністердің кітаптан алыстап кеткендігіміздің кесірінен болып жатқанын меңзеп, осыны қолға алып отыр. Сондықтан оны қолдау, жалғастыру оған қызмет жасау бәріміздің міндетіміз. Сол үшін де таңмен осы Казталовқа келгеннен, жаңа елге кетіп бара жатырмын. Сондай ризамын көңілімде шуақ. Өйткені, мен шуақты балалардың жанындағы нұрды көрдім, сәулені көрдім. Сол үшін көп-көп рахмет!, — деді Дариға Ғазезқызы.
— Бүгінгі ұйымдастырылған 30 кітап байқауы маған өте қатты ұнады. Ұйымдасмырушыларға көп-көп рақмет айтамын. Осы жобаға қатысу жолында маған көмектескен, маған үлкен сеніммен қараған, үлкен үміт артқан өзімнің ұстаздарыма, ата-анама және кітапханашы апайларыма көп-көп рақмет айтамын. Олардың үмітін ақтадым деймін. Енді облысқа өткен тағы да 7-сыныптың қызына сәттілік тілеймін. Бұл жарыс маған өте қатты ұнады, — Сезім Салауатқызы.
— Біз ағайындымыз, біз бұл жарысқа бірге дайындалдық. Бұл жарыстың сұрақтары яғни кітаптары оңай болды. Осындай жарыстар көптеп өткізіле берсе деймін. Және осы кітап арқылы бәріміз ой өрісімізді дамытамыз дегім келеді және рақмет көп-көп!, — деді Жангүл Тілекқабыл.
«Мен оқыған 30 кітап» байқауының төртінші мәрте өтуі – аудан жастарының кітапқа деген қызығушылығының жыл өткен сайын артып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінгі кітапсүйер бала ертеңгі ізденімпаз маман, зерделі зиялы, ел ісіне жауапкершілікпен қарайтын азамат.
Асылбек НӘСІПҚАЛИҰЛЫ
