Жылнамашының жалғасы. Белгілі тарихшы 80 жасқа толды

290
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/9toIbIyaHiVg271OSdbdLSKRhnqPrPs6BGswJ0pF.png

Алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді 80 жасқа толды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Белгілі алаштанушы ғалым, академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді бүгін 80 жасқа толды.

Мәмбет Қойгелді Қырғыз мемлекеттік университетін тәмамдап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында білім алған. Ғалым еңбек жолын ауыл мектебінде мұғалім және Жамбыл облыстық мұрағатының ғылыми қызметкері болып бастаған. Кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да доцент, кафедра меңгерушісі, біліктілікті арттыру институтының директоры және тарих факультетінің деканы қызметтерін атқарды.

Сонымен қатар ол Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Партия тарихы институтында аға ғылыми қызметкер, ҚР Ғылым және білім министрлігі Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, Абай атындағы ҚазҰПУ-да кафедра меңгерушісі болып еңбек етті. Мәмбет Қойгелді 2004 жылдан бері Қазақстан тарихшылары қауымдастығының президенті қызметін атқарып келеді. Сондай-ақ ғалым «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының тарих және этнография секциясына жетекшілік еткен.

Ғалымның ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттарының бірі – XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі. Ол Алаш қозғалысын зерттеуге елеулі үлес қосып, отандық тарих ғылымында Алаш тарихына қатысты жаңа ғылыми тұжырымдардың қалыптасуына ықпал етті. Сонымен қатар Мәмбет Қойгелді ортағасырлық тарихшы, жылнамашы Қадырғали Қосымұлының «Жылнамалар жинағы» еңбегінің тарихи жазба дәстүрі негізінде дүниеге келген құнды мұра екенін ғылыми тұрғыдан негіздеді.

Comments