"Қазақстан бейбіт сыртқы саясат жүргізіп келеді". Президент Тоқаев сенім грамоталарын қабылдады

118
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/8MBrxiAJWwcHBW7uRt7XVAa67NvumkZijOVgRm5K.jpg

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тоғыз елдің төтенше және өкілетті елшілерінің сенім грамоталарын табыстау рәсімі өтті. Бұл туралы бүгін, 19 тамызда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Сенім грамоталарын Молдова Республикасының елшісі Игорь Молдован, Вьетнам Социалистік Республикасының елшісі Тхань Ле Нгуен, Корея Республикасының елшісі Ки Хон Чжон, Оңтүстік Африка Республикасының елшісі Лунгисани Доминик Нтомбелла, Словакия Республикасының елшісі Любомир Регак, Германия Федеративтік Республикасының елшісіХайке Ренате Пайч, Әзербайжан Республикасының елшісі Алимирзамин Аскеров, Словения Республикасының елшісі Бранко Раковец және Намибия Республикасының елшісі Моника Ндилявике тапсырған.

«Өздеріңізге мәлім, Қазақстан қазіргідей аса күрделі геосаяси жағдайда бейбіт сыртқы саясат жүргізіп келеді. Біз бейбітшілік салтанат құруға тиіс деп санаймыз. Сондықтан Орталық Азияда да, одан тысқары жерлерде де бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтап, ынтымақтастықты өрбіту үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаймыз»,– деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысушыларға Қазақстанның экономикалық әлеуеті және ұлттық экономикаға шетелден инвестиция тарту ісіндегі табыстары жөнінде мәлімет берді.

«Біз елімізге шетел инвестициясын тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасап отырмыз. Әлбетте, Қазақстанға келіп жұмыс істегісі келетін шетелдік кәсіпкерлерді және ірі компанияларды құшақ жая қарсы аламыз. Өздеріңіз білетіндей, біздің нарықта ірі халықаралық компаниялардың басым бөлігі қызмет етеді. Бұл саясаттан айнымайтынымызға сенімдімін. Шетелдік инвестицияға қатысты ашық есік саясатын дәйекті түрде жалғастыруға ниеттіміз», – деді ол.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар жөнінде айтты. Оның қисынды жалғасы тарихи Құрылтай сайлауы болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі түбегейлі өзгерістер халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастықты нығайтатын тың мүмкіндіктерге жол ашатынына сенім білдірді.

Сөз соңында президент Астананың елшілер өкілдік ететін мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайтып, сан қырлы ықпалдастықты дамытуға мүдделі екенін растады. Сондай-ақ мемлекеттер басшыларына жылы лебізін жолдады.

Comments