Бүгін Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлауды бақылау жөніндегі халықаралық миссиясының баспасөз конференциясы өтті. Шара барысында халықаралық байқаушылар Қазақстандағы Құрылтай сайлауына қатысты маңызды деректермен бөлісті.
ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы Қазақстандағы сайлаудың оң бағалған тұстарына сайлаушылар тізімінің дұрыстығын, тізімдердің қолжетімділігін, дауыс берудің арнайы тетіктері мен мүгедектігі бар азаматтарға арналған шараларды қосты.
ОСК жүргізетін сайлаушылардың ұлттық тізіміне 2 тамыздағы жағдай бойынша 12 605 788 азамат енгізілген. Миссия сұхбаттасқан азаматтардың басым көпшілігі тізімнің дұрыстығына сенім білдірген. Сайлаушылардың тізімі азаматтардың танысуы үшін қолжетімді болды.
Жүйеде әртүрлі өмірлік жағдайларға байланысты дауыс беру құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірнеше тетік қарастырылған. Сайлау күні тұрғылықты жерінен тыс жерде болған азаматтар дауыс беретін жері бойынша тізімге алдын ала өтініш беру арқылы енгізіле алды. Сондай-ақ, басқа учаскеде дауыс беруге мүмкіндік беретін есептен шығару куәліктері қолданылды.
Денсаулығына байланысты қиындықтары бар сайлаушыларға, отбасы мүшелеріне күтім жасайтын азаматтарға, сондай-ақ шалғай аудандарда тұратын адамдарға тиісті өтініш берген жағдайда сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылды. Заңда көзделген жағдайлар бойынша да арнайы сайлау учаскелері құрылды.
Тіркелген мекенжайы жоқ азаматтар үшін де арнайы шешім қарастырылды. Дауыс беру күні олар ел бойынша 221 сайлау учаскесінде іске қосылған онлайн жүйе арқылы тіркеуден өте алды.
Сайлау әкімшілігі мүгедектігі бар адамдар үшін дауыс берудің қолжетімділігіне ерекше назар аударды. Барлығы бірдей дауыс бере алуы үшін комиссия мүшелері арнайы даярлау бағдарламасынан өтіп, осындай сайлаушылармен өзара іс-қимыл жасауға арналған арнайы бейнедәріс алған. ОСК отырыстарында қазақ және орыс тілдеріндегі ілеспе сурдо аударма қамтамасыз етілді.
Ашықтық сайлау процесінің маңызды элементтерінің бірі болды. Қолданыстағы заңнама, соның ішінде соңғы түзетулер мен заңға тәуелді актілердің басым бөлігі ашық қолжетімділікте жарияланды.
Сайлау процесіне қатысушылар үшін құқықтық қорғау тетіктері де қолжетімді болған. Азаматтар, партиялар және басқа да субъектілердің сайлауға қатысты даулары бойынша комиссияларға, соттарға немесе прокуратура органдарына жүгіне алды. Бұл ретте заңнамада мұндай өтініштерді қараудың қысқартылған мерзімдері көзделген.
Осы тетіктердің жиынтығы сайлаудың маңызды қырын қалыптастырады: азаматтың дауыс беру құқығына ие болып қана қоймауы керек, сонымен қатар өзінің сайлаушылар тізіміндегі мәліметтерін тексеріп, ерекше жағдайларда дауыс беріп, құқықтық қорғау тетіктерін пайдалана алуы керек. Миссияның осы бағыттағы оң бағасы рәсімдердің дұрыстығына, олардың қолжетімділігі мен ашықтығына ерекше мән берілгенін көрсетеді.
The President of the Czech Republic has granted permission for 60 citizens to join the Ukrainian military
