«Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты «Спасск» оқу орталығының полигонында «Айбалта-2026» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Бұл туралы 16 қыркүйекте Қорғаныс министрлігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оқу-жаттығуға «Астана» өңірлік қолбасшылығының құрамалары мен әскери бөлімдері қатысып жатыр. Оған 600-ге жуық әскери қызметкер және 50-ден астам қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылған.
«Негізгі міндет – әскерлердің мақсатқа сай міндеттерді орындауға әзірлігін тексеру, командирлер мен штабтардың жоспарлау және шешім қабылдау дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ бөлімшелердің өзара іс-қимылын арттыру»,– делінген хабарламада.
Оқу-жаттығу барысында штабтар әскерлерді басқару, бөлімшелерді жылжыту және қайта топтастыру, өзара іс-қимылды ұйымдастыру, сондай-ақ жағдайдың өзгеруі барысында басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтайды.
Практикалық кезеңде әскери қызметшілер полигонда қару-жарақ пен әскери техниканы қолдана отырып, қазіргі заманғы қарулы күрестің даму үрдістерін ескере отырып, оқу-жауынгерлік міндеттер кешенін орындайды.
«Айбалта-2026» – республика аумағында өткізіліп жатқан стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығудың кезеңдерінің бірі. Оның барысында әскери қызметшілердің кәсіби даярлық деңгейін, басқару органдарының үйлесімділігін және әскерлердің шынайы жағдайға барынша жақын ортада тиімді әрекет ету қабілетін тексереміз, – деді Қарулы күштер Құрлық әскерлері Бас жедел басқармасының бастығы полковник Қанат Жәнкеев.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша басқару органдары мен әскерлердің әзірлігі бағаланып, жауынгерлік даярлықты жетілдірудің одан арғы бағыттары айқындалады.
The Damu Foundation represented the contribution of Kazakhstani entrepreneurs to the "green economy" in Glasgow
