Виртуалды дүкендер арқылы ақша жинаған. Қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы жазаланды

226
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JhsUqoBE1DebSz7JPFfDjmWZ4EZymEgPc3YREeG7.jpg

Қарағанды облысында «CVK» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырған С.Ш. Қайырбаевқа қатысты сот үкімі шықты. Сот шешімімен ол екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, мүлкі тәркіленді. Бұл туралы қаржы мониторинг агенттігі жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Іс материалдарына сәйкес, жобаға қатысушыларға виртуалды дүкендерді сатып алу үшін USDT криптовалютасымен ақша салу ұсынылған. Мұндай дүкендердің құны 120 АҚШ долларынан 49 мың АҚШ долларына дейін болған.

Ұйымдастырушылар салымшыларға күн сайын табыс түсетінін, сондай-ақ жобаға жаңа қатысушыларды тартқаны үшін қосымша бонустар берілетінін уәде еткен.

Алайда тергеу барысында виртуалды дүкендерде көрсетілген тауарлардың іс жүзінде болмағаны анықталған. Жоба бойынша төлемдер нақты тауарлар мен қызметтерді сатудан емес, жаңа қатысушыларды тарту және олардың қаражатын салу есебінен қалыптасқан.

Салымшылардың қаражаты USDT криптовалютасы түрінде OKX платформасы арқылы электронды әмияндарға аударылып отырған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жалпы көлемі 474 мың USDT болатын криптоактивтер бұғатталды. Оның теңгедегі құны шамамен 212 миллион теңгені құрады.

Сот үкімімен бұғатталған цифрлық активтер мемлекет кірісіне тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

 

Comments