Астанада балабақша басшысы педагогтерді міндетіне қатысы жоқ жұмысқа тартқаны үшін қызметінен босатылды

231
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/oQ04AWG0G2SPaVXFqTAypYzBm0tpOaeBv6UYURrk.jpg

Астана қаласындағы мемлекеттік балабақшалардың біріне жаңадан басшылық қызметке тағайындалған меңгеруші Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңы, Еңбек кодексі, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңы және мектепке дейінгі ұйымдардың терроризмге қарсы қорғалу талаптарын бұзғаны үшін қызметінен босатылды.

Атап айтқанда, балабақша меңгерушісі педагогтерді олардың негізгі еңбек функциясына және лауазымдық міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тартқан.

Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйым объектісінің терроризмге қарсы қорғалу талаптарын бұзу фактісі анықталды. Атап айтқанда, бөгде адамның тиісті рұқсатсыз және бақылаусыз балабақша аумағына кіруіне жол берілген.

Тексеру барысында аталған адамның балабақша меңгерушісімен бұрын заңды некеде болған жұбайы екені анықталды. Алайда оның ұйым қызметіне қатысуына құқықтық негіз беретін еңбек шарты немесе өзге де тиісті келісім болмағанына қарамастан, ол балабақша қызметкерлерінің дербес деректеріне рұқсатсыз қол жеткізген.

Қазақстан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңының талаптарына сәйкес дербес деректерді жинау, өңдеу, сақтау және оларға қол жеткізу заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылуы тиіс.

Аталған фактілер балабақша әдіскерінің және күндізгі күзет қызметкерінің түсініктемелерімен, сондай-ақ бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу нәтижесінде расталды.

Тексеру қорытындысы бойынша балабақша меңгерушісі тарапынан қызметкерлердің дербес деректерін бөгде тұлғаға рұқсатсыз ұсыну, тарату және оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету фактілері анықталды.

Анықталған бұзушылықтарды ескере отырып, балабақша меңгерушісімен еңбек шарты бұзылып, ол атқаратын қызметінен босатылды.

Comments