Таразыға – наразы. Жүк көліктері салмақ бақылау бекетін айналып өткен

238
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/nUL1ZSS3Bl9hcye5eKbRwgTEPeL1QlcVtTLhyJmY.webp

Жетісу облысында бірқатар жүк көлігінің автоматты салмақ бақылау жүйесінен айналып жүргені анықталды. Тасымалдаушылар «Сарыөзек – Көктал» автожолындағы бақылау бекетін айналып өту үшін өндірістік мақсаттағы техникалық жолды пайдаланған, деп хабарлайды "Адырна".

Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен «ҚазАвтоЖол» аталған жолды жапты. Қазір жүк көліктері салмақтық бақылаудан автоматтандырылған арнайы станция арқылы өтеді.

Бақылау шараларын күшейту үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Көлік прокурорлары жүк тасымалы саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау бойынша тұрақты түрде тексеру жүргізіп келеді.

ҚР Бас көлік прокурорының орынбасары Ақан Искаковтың айтуынша, жыл басынан бері көлік бақылау инспекциясы салмақ талаптарын сақтамаған 22 мың тасымалдаушыны әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оларға жалпы сомасы 6 млрд теңгеге жуық айыппұл салынған.

Сонымен қатар көліктердің белгіленген нормадан артық жүкпен жолға шығуына жағдай жасайтын кәсіпорындарға да бақылау күшейтілген. Осы кезеңде мұндай талаптарды бұзған 363 субъект жауапкершілікке тартылған.

 

Comments