Семей полигонының жабылғанына — 35 жыл. Қазақстан АҚШ Конгресіне үндеу жасады

125
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HMGyYWWHMvXasAqGflczs3GWtaegHrZhGF7UvVmZ.webp

Фото: Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі

АҚШ-та Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы тарихи тәжірибесі талқыланды. Вашингтонда Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорында «Қазіргі ядролық қауіп-қатерлер жағдайындағы Қазақстанның сабақтары» атты сараптамалық пікірталас өтті, деп хабардайды "Адырна".

Іс-шара Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына арналды.

Кездесуді Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қоры мен Стратегиялық тәуекелдер кеңесі Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Іс-шара барысында Қазақстанның елшісі Мағжан Ілиясов Семей ядролық полигонын жабу және Қазақстанның ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту туралы шешімінің тарихи маңызын атап өтті.

Қазақстан Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін аумағында қалған ядролық қарудан бас тартып, ядролық қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау саясатын ұстанды. Елшінің айтуынша, бұл шешім Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы кейінгі бастамаларына негіз болды.

Пікірталаста Қазақстан мен АҚШ арасындағы ядролық қауіпсіздік саласындағы көпжылдық ынтымақтастыққа да назар аударылды.

Атап айтқанда, Нанн–Лугар бағдарламасы аясында жүзеге асқан бірлескен жобалар нәтижесінде ядролық мұраны қысқарту, ядролық материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың таралу қаупін төмендету бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды.

Осы ынтымақтастықтың маңызды мысалдарының бірі — 1994 жылы жүзеге асырылған «Сапфир» операциясы.

«Сапфир» операциясы барысында Қазақстан АҚШ-тың қолдауымен Үлбі металлургиялық зауытынан шамамен 600 килограмм жоғары байытылған уранды шығарды. Материалды ел аумағынан әкетудің негізгі мақсаты — оның заңсыз пайдаланылу қаупін азайту болды.

Жоба Қазақстан мен АҚШ арасындағы ядролық қауіпсіздік саласындағы практикалық ынтымақтастықтың маңызды үлгілерінің бірі ретінде аталды.

Қазақстан тарапынан бұл операцияның жүзеге асуына саяси ерік-жігер, өзара сенім және екі мемлекеттің тығыз өзара іс-қимылы ықпал еткені атап өтілді.

Іс-шара барысында Мағжан Ілиясов АҚШ Конгресін Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай екі партияның қолдауымен қарар қабылдауға шақырды.

Сараптамалық кездесуде Қазақстанның ядролық қарусыздану тәжірибесі қазіргі ядролық қауіп-қатерлер жағдайында халықаралық ынтымақтастықтың маңызын көрсететін мысал ретінде талқыланды.

Comments