Мектептерде никаб киюге тыйым салынуы мүмкін

148
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/QZ9Xt1q19hPp3wk8r0V3xv71uDXhMxnAnvT3rsZZ.webp

Италия үкіметі мектептерге қатысты жаңа ережелер енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды “Адырна”. 

RBC дерегінше, елдің премьер-министрі Джорджа Мелони мектептерде бурка мен никаб киюге тыйым салуды, бір сыныптағы шетелдік оқушылар санын шектеуді және кейбір ата-аналарға итальян тілін міндетті түрде үйретуді көздейтін заң жобасын жариялады.

Мелони жоспарланған шараларды 20 қыркүйекте Римде өткен «Италия ағайындары» партиясының жастар қанаты фестивалінде таныстырды. Оның айтуынша, тиісті құжат жақын уақытта Италия министрлер кеңесінің қарауына ұсынылуы тиіс.

Ұсыныстардың бірі мектептерде бетті толық немесе жартылай жауып тұратын бурка мен никаб киюге тыйым салуды көздейді.

«Мектепке ашық жүзбен келу керек», – деді Италия премьер-министрі.

Сондай-ақ, үкімет сыныптардағы шетелдік оқушылардың санын да заңмен реттеуді жоспарлап отыр. Қолданыстағы ережеге сәйкес, Италия мектептеріндегі бір сыныпта шетелдік оқушылардың үлесі әдетте 30 пайыздан аспауы тиіс. Сонымен қатар ерекше жағдайларда бұл шектеуден ауытқуға мүмкіндік бар.

БАҚ мәліметінше, қазір Италия мектептеріндегі оқушылардың шамамен 11,6 пайызы Италия азаматтығына ие емес.

Бұдан бөлек, мектеп жүйесіне бейімделуде қиындықтарға тап болған шетелдік оқушылардың ата-аналарына итальян тілін үйренуді міндеттеу ұсынылып отыр.

Comments