Жетісу облысында қант қызылшасын жинау жұмыстары басталды: шаруалар 585 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отыр

248
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/hIpIh7iJlQW0hU0ELZh5xxfulrFLlT4m2fAk7zJG.jpg

Жетісу облысында қант қызылшасын жинау жұмыстары басталды. Биыл тәтті түбір 13,5 мың гектар жерге егілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,3 мың гектарға артық. Болжам бойынша, өңір шаруашылықтары шамамен 585 мың тонна қант қызылшасын жинауды жоспарлап отыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өнім жинау науқанына Ақсу, Сарқан, Ескелді, Көксу, Қаратал, Кербұлақ аудандарының шаруашылықтары кірісті. Жиын-терін жұмыстарына 115 қызылша жинайтын комбайн және 52 жапырақ жинайтын машина жұмылдырылады. Қолда бар техника тәулігіне 700 гектарға дейін өнім жинай алады.
Өнім жинауға кіріскен шаруашылықтардың бірі – Көксу ауданындағы «Қыдырәлі» шаруа қожалығы. Мұндағы 327 гектар ауыл шаруашылығы алқабының 160 гектарына қант қызылшасы егілген. Сонымен қатар шаруашылық дәндік және сүрлемдік жүгері, көкөніс және жоңышқа өсіреді.

Биыл қызылша өсірушілер ерте пісетін «Авантаж» сұрпына басымдық берген. Алдын ала болжамдар бойынша, өнімділік гектарына 700 центнерге дейін жетеді.
«Бүгін қызылша қазуға кірістік. Өнім жақсы, гектарынан шамамен 650–700 центнерден аламыз деп отырмыз. Суармалы су жағынан мәселе болған жоқ, өнім жақсы шықты. Енді бастысы – өсірілген өнімді ысырапсыз жинап, өңдеуге тапсырсақ дейміз», - дейді «Қыдырәлі» шаруа қожалығының басшысы Ерлан Шеңгелбаев.

Шаруашылық қант қызылшасын өсірумен шамамен 15 жылдан бері айналысып келеді. Фермердің айтуынша, бұл дақыл өсімдік шаруашылығындағы ең тартымды бағыттардың бірі болып отыр.

«Қызылша – біз үшін ең табысты дақылдардың бірі, сондықтан осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Мемлекет тарапынан қолдау бар: тыңайтқыштар мен препараттарға субсидия қарастырылған. Қант қызылшасын шамамен 15 жылдан бері табысты өсіріп келеміз», - деді шаруашылық өкілі.

«Қыдырәлі» шаруа қожалығының ауыл шаруашылығы техникасы жеткілікті: бес МТЗ тракторы, үш астық жинайтын және бір қызылша жинайтын комбайн, төрт КамАЗ, сондай-ақ сепкіштер мен басқа да қажетті агрегаттар бар. Шаруалардың айтуынша, соңғы екі жылда техниканы шаруашылықтар лизинг арқылы сатып алуда, бұл да шаруашылыққа көрсетіліп отырған қолдаудың бір түрі.

Жалпы биыл Көксу ауданында 185 шаруа қожалығы қант қызылшасын 2,9 мың гектарға екті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен мың гектарға көп. Күтілетін жалпы өнім көлемі шамамен 130 мың тонна. Жиын-терін науқанына ауданда 27 қызылша жинайтын комбайн, 10 жапырақ жинайтын машина және 70–80 жүк автокөлігі дайындалды.

«Өз техникасы бар шаруашылықтар техникасы жоқ шаруаларға көмектеседі. Сонымен қатар екі сервистік дайындау орталығы қолдау көрсетеді. Жұмыс күші жеткілікті, сондықтан науқанды өз күшімізбен өткіземіз деп отырмыз», - деп түсіндірді Көксу ауданы әкімінің орынбасары Ержан Шалқыбеков.

Өнімді өңдеуге тапсыру ісін ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлінген. Бекітілген кестеге сәйкес Ақсу және Көксу қант зауыттарында қант қызылшасын қабылдау 25 қыркүйекте басталады. Бұл тәртіп түсетін өнім көлемін реттеп, қант қызылшасын өңдеуге тапсыру кезінде кезектің пайда болу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

«Әрбір шаруа қожалығы бойынша гектар көлемі мен өнім көлеміне қарай кесте жасалды. Өнімді тапсыру осы кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Алдымен зауыт ерте пісетін «Авантаж» сұрпын қабылдайды. Көксу қант зауытына өнімді біздің ауданның, сол сияқты Кербұлақ, Ескелді, Қаратал аудандарының және Талдықорғанның шаруашылықтары әкеледі. Өнім қабылдау кезең-кезеңімен ұлғайтылады: бастапқы кезеңде тәулігіне шамамен 2 мың тонна, кейін 3 мың тоннаға жуық, ал кәсіпорын қажетті қуатына шыққан соң күніне 3,5–4 мың тоннаға дейін қабылдау жоспарланып отыр», - деді Е. Шалқыбеков.

Жаңғыртудан кейін және өндірістік қуаты арттырылған соң Көксу қант зауыты биылғы маусымда 374 мың тонна қант қызылшасын қабылдауды жоспарлап отыр. Ал өткен жылы
шамамен 250 мың тонна қабылданған.

Жалпы биылғы маусымда Жетісу облысында қант қызылшасының егіс алқабы да, күтілетін өнім көлемі де артып отыр. Болжамды көрсеткіштерге қол жеткізілген жағдайда, өңір шаруалары өткен жылмен салыстырғанда 86 мың тоннадан астам өнімді артық жинайды.

Жетісу облысында қант қызылшасын жинау жұмыстары басталды: шаруалар 585 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отыр

Жетісу облысында қант қызылшасын жинау жұмыстары басталды: шаруалар 585 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отыр

Жетісу облысында қант қызылшасын жинау жұмыстары басталды: шаруалар 585 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отыр

Comments
Other materials