Бөкетов университетінің студенттерінен туберкулез анықталды

166
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/PZizabyfuvFH0lM1AYhsUrjSTf1PXGCAcwUiRK7Q.jpg

Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенттерінен туберкулез анықталды. Бұл ақпаратты Tengri Health тілшісіне өңірдің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы растаған, деп хабарлайды "Адырна".

Әлеуметтік желілерде Қарағандыдағы академик Е. А. Бөкетов атындағы университеттің 10 студенті туберкулезбен ауырғаны туралы ақпарат тараған.

«Ешкім ештеңе айтпай ма? Карантин енгізу керек қой! Тағы қанша студент ауырып, бір-біріне жұқтырып жүр? Карантин де, дұрыс дезинфекция да жоқ!» – деп жазба авторы наразылық білдірген.

Алайда ресми түрде 10 студенттің ауырғаны туралы ақпарат расталмады.

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Аймағанбетов университетте туберкулездің бірнеше жағдайы тіркелгенін, бірақ сөз үш студент туралы болып отырғанын айтты.

Оның айтуынша, олар әртүрлі факультеттерде оқиды және бірге тұрмайды.

«Бір студент биология-география факультетінде, екіншісі шетел тілдері факультетінде, үшіншісі журналистика факультетінде оқиды. Үшеуі де жатақханада емес, әртүрлі мекенжайдағы пәтерлерде тұрады», – деді Нұрлан Аймағанбетов.

Бірінші жағдай 22 қыркүйекте тіркелген, екінші жағдай келесі күні анықталған. Ал үшінші студентке қатысты шұғыл хабарлама 24 қыркүйек күні кешке түскен.

Қазір мамандар бұл жағдайлардың өзара байланысты-болмағанын анықтап жатыр. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізіп, науқастармен байланыста болған адамдардың шеңберін анықтауда.

«Жақын және алыс байланыста болған адамдар тексеріліп жатыр. Медициналық тексерулер жүргізіліп, кімде ауру бар, кімде жоқ екені және олардың соңғы рет қашан тексеруден өткені анықталуда», – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Нұрлан Аймағанбетовтің айтуынша, университетте дезинфекция жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, оның сөзінше, анықталған туберкулез жағдайларына байланысты университетте карантин енгізілмейді.

Comments