Хазардағы қаза. Мерт болған сарбаздар рухымен қоштасу рәсімі өтті

258
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/IbLw9rV3jJ8PzYT0ACuWhl4iIgMMgRV3TnTRa9a2.webp

Маңғыстау облысында әскери борышын өтеу кезінде қаза болған әскери қызметшілермен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Қаралы жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстанның қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ұлттық құрылтай мүшелері, Қазақстан Халық Кеңесінің өкілдері, қоғам қайраткерлері және марқұмдармен бірге қызмет атқарған әскери қызметшілер қатысты.

Жиын барысында қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтылып, марқұмдардың рухына Құран бағышталып, дұға жасалды.

Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекеттік әлеуметтік төлемдер мен материалдық көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар жаназа және жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға қажетті қолдау көрсетілуде.

Бұған дейін облыс әкімдігі қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы қор құрылғанын хабарлаған. Жиналған қаражат отбасылар мен зардап шеккендерге атаулы әрі ашық түрде бағытталады.

Қаражаттың жұмсалуы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бақылауында болады.

24 қыркүйекте Каспий теңізінде "Хазар қорғаны - 2026" деген атпен өткізілген әскери жаттығуда 17 адам суға ағып, 14 сарбаз қаза тапты.

Жаттығу Қорғаныс министрлігінің оқу-жаттығудың стратегиялық командалық-штабтық бірыңғай жоспар аясында Каспий теңізінің қазақстандық секторында өткен. Оған Қазақстан қарулы күштері әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков жетекшілік еткен. Оқу-жаттығуға әскери-теңіз күштері мен оларға бағынысты бөлімшелердің 500-ден астам әскери қызметкер, әскери кемелердің экипаждары мен жағалау бөлімшелері қатысқан. Машықтануға ҰҚК шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша жағалау күзеті мен әуе қорғанысы күштерінің күштері мен құралдары тартылған.

Comments