Өзбек жазушысы Нобель сыйлығына үміткерлер қатарында аталды

244
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Y8rtDSa9XRLPyeNbW9Be6vwiTLdjgfJSbsamBYV7.jpg

Өзбек жазушысы Хамид Исмаилов 2026 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына үміткер болуы мүмкін авторлар тізіміне енді. Бұл туралы 24.kg жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Исмаиловтан бөлек, аталған тізімде әлемге әйгілі жазушылар Харуки Мураками, Маргарет Этвуд, Салман Рушди, Дэвид Гроссман, Джоан Роулинг және Стивен Кингтің есімдері де аталған.

Нобель сыйлығының ерекшеліктерінің бірі – әдебиет саласындағы сыйлыққа ұсынылған кандидаттар мен оларды ұсынған тұлғалар туралы мәліметтердің 50 жыл бойы құпия сақталуы. Нобель сыйлығының ресми базасында да жаңа номинациялар туралы ақпарат осы мерзім өткеннен кейін ғана жарияланатыны көрсетілген. Сондықтан Хамид Исмаиловтың 2026 жылғы сыйлыққа шынымен ұсынылғанын қазіргі уақытта ресми түрде растау мүмкін емес.

Хамид Исмаилов шығармаларын өзбек және орыс тілдерінде жазады. Оның еңбектері ағылшын, түрік, неміс және француз тілдеріне аударылған. 2019 жылы ол «The Devil’s Dance» («Жындардың биі») романы үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) әдеби сыйлығын алған. Сондай-ақ оның «We Computers» шығармасы ЕҚДБ-ның 2026 жылғы әдеби сыйлығының қысқа тізіміне енген.

Жазушы 1954 жылғы 5 мамырда Қырғызстанның Шу облысындағы Тоқмақ қаласында дүниеге келген.

Исмаилов әскери байланыс училищесін тәмамдап, кейін Ташкент мемлекеттік университетінің биология, заң және менеджмент факультеттерін бітірген.

1992 жылы ол Ұлыбританияға қоныс аударып, 25 жыл бойы BBC дүниежүзілік қызметінде жұмыс істеген. 2006 жылы оның «Теміржол» романы белгілі жазушы әрі аудармашы Роберт Чандлердің аударуымен ағылшын тілінде Лондонда жарық көрген. Ал ақынның өлеңдерін неміс тіліне Ингеборга Балдауф пен Зигрид Кляйнмихель аударған.

2019 жылы Исмаиловтың «Жындар биі» романы Еуропалық қайта құру және даму банкінің әдеби сыйлығына ие болды.

Жазушының есімі Literary Hub басылымы жариялаған әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына қатысты букмекерлік болжамдарда да аталады.

Исмаиловтың кандидатурасына қатысты пікір білдірген Қырғызстанның мемлекеттік хатшысы Арслан Қойшиев жазушының қырғыз тегінен шыққанын айтты.

«Беделді сыйлыққа байланысты жазушы Хамид Исмаиловтың есімі жиі аталып жатыр. Шын мәнінде, ол шығу тегі бойынша қырғыз, адигине тайпасының бөрі руынан тарайды. Бірақ оның өзбек халқының патриоты екенін мойындауымыз керек», – деп жазды Арслан Қойшиев Facebook парақшасында.

Айта кетейік, Қойшиев те Исмаилов сияқты ұзақ жылдар бойы BBC-де қызмет атқарған. Ол 1996–2010 жылдары корпорацияның қырғыз қызметінде продюсер болған.

2026 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты 8 қазанда Стокгольмде жарияланады. Жеңімпазға 12 миллион швед кроны (шамамен 1,2 миллион доллар) табысталады. Сыйлықты тапсыру рәсімі 10 желтоқсанда өтеді.

Өткен жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы венгр жазушысы Ласло Краснахоркаиге берілген болатын.

Comments