Ақсуда медициналық инфрақұрылым жаңарып, жаңа мүмкіндіктер ашылды

182
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/K5FOQIiBeLSPQCmBAnbRbD0rXcmZgZkMw1HC5GBY.jpg

Жетісу облысы Ақсу ауданының тұрғындары үшін сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі кеңейіп, қолжетімді бола түсті. Енді көптеген тексеру мен емдеу түрін аудан аумағында сапалы алуға мүмкіндік. Республика күні қарсаңында Жансүгіров ауылында сейсмикалық күшейту жасалып, күрделі жөндеуден өткен орталық аудандық аурухана іске қосылды. Жалпы, соңғы төрт жылда аудандағы медициналық инфрақұрылымның шамамен 40% жаңартылды. Осы уақыт аралығында 14 ауылдық округте жаңа дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бой көтерді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аурухана ғимараты 1974 жылы салынған. Жөндеу жұмыстары жүргізілген кезеңде медициналық қызметтер бейімделген ғимаратта көрсетілді. Бұған дейін тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келген аурухана ғимараты 52 жылдан кейін алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Балалар, терапия, хирургия, реанимация және босандыру бөлімдері, қабылдау бөлімі, балалардың консультативтік-диагностикалық бөлімі, асхана толық жаңартылып, ғимарат толықтай реттелді. Инженерлік желілер де жаңартылып, талапқа сай жағдайға келтірілді. Осылайша, денсаулық сақтау нысаны заманауи кейіпке еніп, пациенттер мен дәрігерлер үшін қолайлы жағдай жасалды.

Мекемеде кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.

– 2024 жылдан бері ауруханаға 17 жас маман жұмысқа келді. Оның бесеуі биыл қызметке орналасты. Соның екеуі мемлекет тарапынан қарастырылған қолдау шараларын алып үлгерді. Тағы үш маман көтерме жәрдемақы алуды күтіп отыр. Облыс әкімінің қолдауымен ауылдық жерлерге жұмысқа келген дәрігерлерге 10 млн теңгеден мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Ауылдағы денсаулық сақтау саласына осындай маңызды қолдау көрсетіліп отырғаны үшін  ризашылығымызды білдіреміз, – деді Ақсу аудандық орталық ауруханасының директоры Байқадам Құрымбай.

Қазіргі таңда Ақсу ауданында 56 дәрігер, 310 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Жыл басынан бері ауданға 5 дәрігер жұмысқа қабылданды. Олар – хирург, оториноларинголог, реабилитолог және 2 жалпы тәжірибелік дәрігер.

Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде медициналық құрал-жабдықтар да жаңартылды. Ауруханада заманауи операциялық блок жұмыс істейді. Өкпені жасанды желдету аппараттары, ФГДС жүргізуге, флюорографиялық және рентгенологиялық зерттеулер жасауға арналған жабдықтар сатып алынды. Ауыр жағдайдағы пациенттер үшін көпфункционалды төсектер бар. Бұл заманауи хирургиялық және травматологиялық операциялар жасауға, сондай-ақ пациенттерді диагностикалау мен емдеуге жағдай жасап отыр. Онкологиялық қызметті дамыту аясында да қосымша құрал-жабдықтар жеткізілді. Ауруханаға цифрлық маммограф және жылжымалы флюорографиялық аппарат орнатылды.

Дәрігерлер аурухананың жаңаруын тек ғимараттың жаңа кейіпке енуі ғана емес, диагностика мен емдеу мүмкіндіктерінің кеңеюі деп есептейді.

Бірінші санаттағы педиатр дәрігер, трансфузиолог Әсел Жолдасованың айтуынша, бүгінде ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсетіліп келеді.

– Ауыл тұрғындарының денсаулығына және аудандық ауруханаларды дамытуға қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын көріп отырмыз. Соның арқасында біздің аудандық орталық ауруханамыз күрделі жөндеуден өтті. Бұл бүкіл ұжым үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Ендігі басты міндетіміз – ауыл тұрғындарына медициналық көмекті жоғары деңгейде көрсету. Алдағы уақытта оңалту, педиатриялық қызмет, жедел және хирургиялық көмекті одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде ауруханада эндоскопиялық емдеу әдістері, трансфузиологиялық және оңалту көмегі көрсетіледі. Мұның бәрі тұрғындарымыздың денсаулығы үшін жасалып отыр, – деді дәрігер.

Хирург дәрігер Ақылбек Көшкінов те жаңа техникалық жабдықтардың медициналық қызметкерлердің мүмкіндігін едәуір кеңейткенін айтады.

– Қазір бізде жаңа құрал-жабдықтар бар, заманауи хирургиялық және травматологиялық операциялар жасауға жағдай жасалды. Дәрігер үшін диагноз қойып қана қоймай, пациентке қажетті көмекті дер кезінде көрсете алғаны маңызды. Енді мұндай мүмкіндіктеріміз артып отыр, – деді ол.

– Бүгін біз үшін шынымен де маңызды күн. Аурухананың жөндеу жұмыстарына қолдау көрсетіп, осындай жағдай жасауға атсалысқан барша азаматқа алғысымызды білдіреміз. Енді жаңарған ғимаратта тұрғындар үшін бұдан да үлкен жауапкершілікпен еңбек етуге дайынбыз, – деді хирургия бөлімшесінің аға мейіргері Раушан Қазиева.

Аурухананың ашылу салтанатына аудан тұрғындары да қатысты. Ауыл тұрғындары заманауи аурухананың ең алдымен қажетті тексеру мен емді тұрғылықты жеріне жақын маңда алуға жасалған мүмкіндік деп біледі.

Аудан тұрғыны Айгүл Кукузованың айтуынша, бұған дейін кейбір тексеру мен ем алу үшін облыс орталығына баруға тура келген. Бұл жол шығындарын, уақыт шығындауды қажет ететін, оған қоса әсіресе қарт адамдар мен балалы отбасылар үшін қосымша қолайсыздықтар туғызатын.

– Біз бұл күнді көптен күттік. Ауруханада жақсы жағдай жасалып, жаңа құрал-жабдықтар орнатылған, қызметкерлері де мұқият. Басты байлық денсаулыққа лайықты көңіл бөлінгені қуантады. Енді өз ауданымызда сапалы медициналық көмекті жедел алуға мүмкіндігіміз бар, – деді ол.

Comments
Other materials