«Махаббат бекеті» оқырманға жол тартты

407
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/WAcFxrFG0tnUAJZ5cq1oabEq0MUKpARY2XyZeiij.jpg

Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстанның халық әртісі, белгілі театр және кино режиссері, кинодраматург Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. «Атамұра» баспасынан жарық көрген жинаққа қаламгердің махаббат, адам тағдыры, достық пен өмір шындығын арқау еткен повестері мен әңгімелері енген. Әдеби кешке қазақ руханиятының көрнекті өкілдері, белгілі жазушылар мен өнер қайраткерлері қатысты, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі. 

9 қазанда өткен әдеби басқосу Талғат Теменовтің шығармашылығына арналған тағылымды кешке айналды. Көпшілік режиссер ретінде кеңінен танитын өнер иесі бұл жолы оқырман қауымға жазушылық қырынан танылып, прозалық туындыларын жеке кітап етіп ұсынды.

«Атамұра» корпорациясының ұйымдастыруымен өткен тұсаукесерді Бақыт Жағыпарұлы жүргізді. Жиында қаламгердің шығармашылық жолы, қазақ киносы мен театр өнеріне қосқан үлесі және жаңа жинақтың әдеби маңызы сөз болды.

«Кітабым жарық көреді деп ешқашан ойлаған емеспін»

Кездесуде сөз алған Талғат Теменов жаңа кітабының жарық көруі өзі үшін күтпеген әрі ерекше қуаныш екенін жеткізді. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін жазған повестері мен әңгімелерін жеке жинақ етіп бастыру бастапқы жоспарында болмаған.

«Бүгін мен үшін көптен күткен қуанышты күн. Шынымды айтсам, өзімнің повестерім мен әңгімелерімді жинақтап, кітап етіп шығарамын деп ешқашан ойлаған емеспін. Ешқандай одақ мүшесі де емеспін. Сондықтан бұл бастаманың мен үшін орны бөлек. Ең алдымен, Рақымғали Абрарұлына шынайы алғысымды білдіргім келеді. Ол кісі осы уақытқа дейін жазған дүниелерімді жинақтап, көпшілікке жақсы таныс «Махаббат бекеті» фильмімнің атауымен кітап етіп шығаруды ұйғарған екен. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Мың да бір рақмет!», – деді Талғат Теменов.

Өнер иесі жаңа туындысының оқырман жүрегіне жол табатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол кітаптың жарық көруіне атсалысқан баспа ұжымының еңбегін ерекше атап өтті.

«Бұл кітаптың оқырманға жетіп, өз бағасын алатынына үмітім зор. Келер жылы «Атамұра» баспасының құрылғанына 35 жыл толады. Осы орайда баспа ұжымын алдағы мерейтойымен құттықтап, қазақ әдебиеті мен руханиятына қосып келе жатқан үлесі үшін ризашылығымды білдіремін», – деді автор.

«Махаббат бекеті» 2 мың данамен жарық көрді

Тұсаукесерде «Атамұра» корпорациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рақымғали Құл-Мұхаммед жаңа жинақтың мазмұны мен оқырман үшін маңызына тоқталды.

Баспа басшысының айтуынша, «Махаббат бекеті» атауы қалың көрерменге етене таныс. Өйткені осы аттас көркем фильм қазақ киносының көпшілік сүйіп тамашалайтын туындыларының біріне айналған.

«Бүгін Талғат Теменов ағамыздың «Махаббат бекеті» атты кітабының тұсауын кесіп отырмыз. Бұл атау қазақ көрерменіне жақсы таныс. Кезінде көптің көңілінен шығып, көрерменнің көзайымына айналған туындының атауы енді кітап арқылы оқырманға жол тартып отыр. Көлемі 200 бетке жуық болғанымен, жинақтың көтерер жүгі салмақты. Мұнда адамға деген сүйіспеншілік, туған ел мен жерге деген құрмет, қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарына деген махаббат кеңінен көрініс тапқан. Бұл – оқырманға ой салып, рухани тұрғыдан байытатын дүние», – деді Рақымғали Құл-Мұхаммед.

Ол жаңа кітаптың оқырман тарапынан жоғары бағаланатынына сенім білдіріп, жинақтың таралымы туралы да айтты.

«Кітап 2 мың данамен жарық көріп отыр. Алдағы уақытта оқырманын тауып, сұранысқа ие болады деп сенемін. Себебі мұнда әр адамның өміріне жақын, жүрегіне таныс сезімдер мен тағдырлар суреттелген», – деді баспа басшысы.

Белгілі қаламгерлер жаңа кітаптың жарық көруімен құттықтады

Әдеби кешке қазақ әдебиеті мен өнерінің бірқатар белгілі өкілдері арнайы қатысып, Талғат Теменовке жылы лебіздерін арнады.

Олардың қатарында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кәдірбек Сегізбайұлы, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеұлы, ақын, журналист, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның халық жазушысы, кинодраматург Смағұл Елубай, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы және жазушы, журналист Марат Байділдәұлы болды.

Қаламгерлер мен өнер қайраткерлері Талғат Теменовтің қазақ мәдениетіндегі өзіндік орнына тоқталып, оның жаңа кітабының жарық көруін шығармашылық өміріндегі маңызды белес ретінде бағалады.

Кеш барысында режиссердің кино мен театрдағы шығармашылық ізденістері, адам тағдырын бейнелеудегі өзіндік қолтаңбасы және әдеби туындылары туралы әңгіме өрбіді. Жиылған қауым авторды жаңа жинағының жарық көруімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Махаббат, сағыныш және адам тағдыры: жинаққа қандай шығармалар енді?

«Атамұра» баспасынан жарық көрген «Махаббат бекеті» жинағына Талғат Теменовтің екі повесі мен үш әңгімесі топтастырылған.

Атап айтқанда, кітапқа «Гүлназ», «Көктем шықса, көкек келер» повестері, сондай-ақ «Либерти», «Папасының қызы» және «Көке бала» әңгімелері енген.

Жинақтағы шығармалардың негізгі арқауы – адам және оның ішкі жан дүниесі. Автор махаббат пен достықты, адам өміріндегі күрделі таңдауларды, қуаныш пен өкінішті, үміт пен сағынышты көркем тілмен бейнелейді.

Шығармаларда кейіпкерлердің тағдыры арқылы өмірдің сан алуан қыры ашылады. Адамдар арасындағы қарым-қатынас, сезімге адалдық, өткен күнге деген сағыныш пен болашаққа деген үміт туындылардың өн бойынан көрініс табады.

Талғат Теменовтің прозалық шығармаларына нәзік лиризм мен психологиялық тереңдік тән. Қаламгер кейіпкерлердің ішкі толғанысын, олардың өмірлік ұстанымдары мен тағдырлы сәттерін суреттей отырып, оқырманды адам болмысы туралы ойлануға жетелейді.

Кітаптың «Махаббат бекеті» деп аталуы да кездейсоқ емес. Бұл атау автордың кино өнеріндегі танымал туындысымен үндесіп қана қоймай, жинақтағы шығармаларды біріктіретін махаббат тақырыбына да назар аударады.

Кинорежиссердің әдебиеттегі қолтаңбасы

Талғат Теменов – қазақ киносы мен театр өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған белгілі режиссер. Оның шығармашылығында адам тағдыры, қоғам мен тұлға арасындағы байланыс, махаббат пен адамгершілік тақырыптары маңызды орын алады.

Өнер иесінің «Махаббат бекеті» фильмі де көрермен есінде сезім мен жастық шақты, адам қарым-қатынасын шынайы бейнелеген туынды ретінде сақталған.

Енді осы атаумен жарық көрген әдеби жинақ оқырманға Талғат Теменов шығармашылығының тағы бір қырын таныстырады. Кино мен сахнада адам тағдырын көркем бейнелеп келген режиссер бұл жолы өз ой-толғаныстарын прозалық шығармалары арқылы жеткізеді.

Comments