АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Ресейден дизель отынын жеткізу туралы келісімге келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей АҚШ пен әлемдік нарықтарға жалпы 3 миллион тонна дизель отынын жеткізуі мүмкін. Трамп бұл қадам жанармай бағасын төмендетуге ықпал ететінін айтты. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
«Мен Ресей президенті Владимир Путинмен аса табысты келіссөз жүргіздім. Оның барысында Ресей дизель отынын АҚШ және әлемдік нарықтарға дереу 300 мың тоннадан астам көлемде жеткізуге, қараша айында тағы 500 мың тонна, ал одан кейін бірден 1 миллион тонна жеткізуге келісті», – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Ақ үй басшысының айтуынша, Ресей мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік мүмкіндіктерін ескере отырып, жалпы көлемі 3 миллион тонна дизель отынын жеткізеді. Трамптың пайымдауынша, осының арқасында америкалықтар мен жалпы әлем үшін дизель отынының бағасы «жылдам әрі рекордтық қарқынмен төмендей» бастайды.
Осы уақытта АҚШ Қаржы министрлігі Ресей дизель отынын америкалық нарыққа жеткізуге рұқсат беретін уақытша лицензияны 2027 жылғы 7 сәуірге дейін ұзартқаны белгілі болды.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков екі ел басшылары Украинадағы жағдайды, Иран төңірегіндегі ахуалды және екіжақты қарым-қатынастарды талқылағанын хабарлады. Ал Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак дизель отыны экспортына қойылған шектеулерді мерзімінен бұрын алып тастау жұмыстары басталатынын жеткізді.
Алайда сарапшылар Ресейден жеткізілетін дизель көлемі АҚШ-тағы бағаны айтарлықтай төмендетуге жеткіліксіз болуы мүмкін деп есептейді. Олардың пікірінше, Трамптың бұл шешімі Конгресс сайлауы қарсаңында елдегі жанармай бағасының өсуін тежеуге бағытталған.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский Ресейге мұнай өнімдерін сатуға рұқсат беруді қатаң сынға алды. Оның айтуынша, Ресейдің мұнайдан түсетін табысы соғысты қаржыландыруға жұмсалады.
«Ресейге қатысты санкцияларды нақты әрі ұзақ мерзімді деэскалациялық келісімсіз жеңілдету – айқын әлсіздік. Ресейге мұнай өнімдерін сатуға рұқсат беру – соғысқа салынған инвестиция», - деді Зеленский.
Сонымен қатар Украина президенті АҚШ өкілдерімен Флоридада өткен кездесуде соғысты тоқтату, қауіпсіздік кепілдіктері және Украинаны қысқа дайындау мәселелері талқыланғанын айтты. Кездесу қорытындысында тараптар соғысты аяқтау үшін дипломатиялық күш-жігерді жалғастыруға келіскен.
