Ақтөбеде Бәкір Тәжібаевтың ғасыр тойында тұңғыш ескерткіші ашылып, шығармашылық мұрасы қайта жаңғырды

213
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JXC4qR0uEuJv3ZE1wMGHbqZuMxPwYlFU3kzIg4ZQ.jpg

Ақтөбеде қазақтың көрнекті ақыны, композиторы әрі драматургі Бәкір Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толуына орай бірқатар мәдени іс-шара өтті.

Мерейтойлық шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық мәдениет пен руханиятқа үлес қосқан тұлғалардың мұрасын сақтау және дәріптеу жөніндегі ұстанымымен үндеседі. Бәкір Тәжібаевтың шығармашылығы қазақ өнерінің дамуына үлес қосып, халықтың рухани қазынасына айналды.

Ғасырлық мерейтой облыс әкімі Асхат Шахаровтың ақынның ұрпақтарын қабылдауынан басталды. Кездесуде өңір басшысы қаламгердің өлеңдері, әндері мен драмалық шығармаларының кейінгі буын үшін маңызы зор екенін атап өтті. Өз кезегінде қонақтар тұлға есімін ұлықтауға бағытталған бастамаларға қолдау көрсетілгені үшін алғыстарын жеткізді. 

Шараның маңызды оқиғаларының бірі – Облыстық халық шығармашылығы орталығының алдындағы алаңда Бәкір Тәжібаевтың ескерткіш-бюстінің ашылуы. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Асхат Шахаров, ақынның ұлы Жасұлан Тәжібаев, туған-туыстары, ақын-жазушылар мен мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Ескерткішті ашу құрметі ҚР Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров пен ақынның туысы Ақан Төлеуовке ұсынылды. Шара барысында мерейтой иесінің әндері орындалып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Ескерткіш-бюсттің авторы – мүсінші, монументалды өнер шебері Болатбек Салаев.

«Бәкір ағамыздың өмірі мен шығармашылығы Ақтөбе өңірімен біте қайнасып жатыр. Ол туған жерінің табиғатын, ел тұрмысын, адам жан дүниесін шығармаларына арқау етті. Ақынның сырлы жырлары мен әсем әндері бүгінде халқымыздың рухани қазынасына айналды. Бұл ғимарат – халық шығармашылығын насихаттайтын рухани ордалардың бірі. Мұнда келген әрбір жан Бәкір ағамыздың бейнесіне тағзым етіп, оның өнері мен өнегесінен рухани нәр алады деп сенемін», – деді аймақ басшысы құттықтау сөзінде. 

Ақынның ұлы Жасұлан Тәжібаев ескерткіштің ашылуы отбасы үшін көптен күткен арманның орындалуы екенін айтты. Оның сөзінше, бұл бастама анасының аманаты болған.

Сондай-ақ мерейтой аясында қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ақбұлақ аға» кітабының таныстырылымы өтті. Кітап авторы – Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір. Жинаққа ақынның сегіз драмалық шығармасы, сондай-ақ автордың өз туындылары мен Бәкір Тәжібаев туралы жазылған пьесалар енгізілген.

Мерейтой бағдарламасы Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында «Ақбұлақ аға» спектакль-элегиясының қойылымымен жалғасты. Шығармада Бәкір Тәжібаевтың өмір жолы, шығармашылық ізденістері, азаматтық болмысы мен туған жеріне деген сүйіспеншілігі бейнеленген.

Спектакльдің авторы – Орал-Қосай Байсеңгір. Режиссерлері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев пен Ақниет Жақсығали.

Бәкір Тәжібаев қазақ поэзиясы, музыкасы мен драматургиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оның шығармаларында туған жерге сүйіспеншілік, адамгершілік, махаббат пен сағыныш тақырыптары кеңінен көрініс тапқан. Ақтөбеде өткен мерейтой ақынның ұлттық мәдениеттегі орнын айқындап, шығармашылық мұрасын жаңа буынға танытуға бағытталды.

Comments
Other materials