Дүйсен Қасейіновке түркі әлемінің сыйлығы табысталды

220
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/29S9Q0hNF1dsMJKSCkt5JX1B7iiQ66JZNXNIN4Kr.webp

Анкара қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммиті аясында мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі музыкант әрі дипломат Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов Әлішер Науаи атындағы «Түркі әлемінің бірлігіне қосқан үлесі үшін» халықаралық сыйлығымен марапатталды. Әйгілі скрипкашы аталған марапаттың үшінші иегері атанды.

2021 жылы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен тағайындалған бұл халықаралық сыйлық түркі халықтарының мәдени мұрасын жаһандық деңгейде дәріптеуге, сондай-ақ олардың арасындағы рухани және мәдени ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосқан тұлғаларға беріледі.

Сыйлықтың алғашқы лауреаты ретінде көрнекті қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов аталды. Оған марапат 2022 жылы, дүниеден өткеннен кейін берілді. Ал 2025 жылы бұл құрметке түрік ғалымы, Нобель сыйлығының лауреаты Азиз Санджар ие болды.

Дүйсен Қасейінов – түркі халықтарының мәдени байланысын нығайтуға бірнеше онжылдық бойы еңбек сіңіріп келе жатқан көрнекті мәдениет қайраткері. Оның түркі әлемінің өнері мен руханиятын халықаралық деңгейде таныту жолындағы қызметі көптеген маңызды жобалар арқылы жүзеге асты.

1989 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры қызметін атқарған кезеңде «Интероркестр-89» жобасын ұйымдастырып, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің жас музыканттарын бір арнаға тоғыстырды. Осы бастамадан кейін түркі халықтарының дәстүрлі музыкасын зерттеу мен насихаттауға арналған ғылыми конференциялар, халықаралық фестивальдер және концерттік бағдарламалар тұрақты түрде өткізіле бастады.

Дүйсен Қасейіновтің ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы ретіндегі қызметі түркі мәдениетін әлемдік кеңістікте танытуға тың серпін берді. Оның бастамасымен жүзеге асқан ауқымды жобалардың бірі – Наурыз мерекесін халықаралық деңгейде дәріптеу болды.

2009 жылдың наурыз айында ТҮРКСОЙ ұйымы Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде түркі халықтары өнерпаздарының қатысуымен Наурыз мерекесіне арналған үлкен мәдени шара өткізді. Бұл бастама мерекенің халықаралық деңгейде танылуына жол ашты. 2010 жылғы 23 ақпанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп жариялады.

Сол жылдың наурыз айында ТҮРКСОЙ ұйымы АҚШ-та, БҰҰ Бас Ассамблеясының залында тұңғыш рет Халықаралық Наурыз мерекесін ұйымдастырды. Аталған бастаманың жоғары деңгейде өтуі нәтижесінде 2015 жылы ЮНЕСКО-да, ал 2016 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымында Наурыз күндері қайта өткізілді.

Осылайша, Наурыз мерекесі түркі халықтарының ортақ мейрамы шеңберінен шығып, әлем халықтарын біріктіретін халықаралық мәдени құндылық ретінде кеңінен таныла бастады.

Дүйсен Қасейіновтің бастамасымен жүзеге асқан маңызды жобалардың қатарында «Түркі әлемінің мәдени астанасы» бағдарламасы, Түркі әлемінің симфониялық оркестрін құру және «Юнус Эмре» ораториясын халықаралық сахнаға шығару бар.

Сондай-ақ 2009–2010 жылдары жеті мемлекеттің солистері мен хор әртістері қатысқан «Көрұғлы» операсының халықаралық қойылымы төрт елде сахналанып, көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырды. «Біржан-Сара» операсының түрік тіліндегі нұсқасы Түркия театрларының тұрақты репертуарына енсе, Е. Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы Баку опера театрында қойылды.

Бұдан бөлек, Әзербайжан, Иран, Ресей, Қазақстан және Түрікменстан театр ұжымдарының қатысуымен Ақтау қаласында Каспий маңы елдерінің театр фестивалі ұйымдастырылды. Кейін бұл мәдени шара дәстүрлі халықаралық фестивальге айналды

Comments