Әсел Жанасова Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – көлік министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды “Адырна”.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының тиісті Жарлығына сәйкес, Әсел Жанасова бұрын атқарған лауазымынан босатылды.
Әсел Жанасова 1987 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2010 жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Кембридж университетінде компьютерлік ғылымдар бағыты бойынша білім алған. 2014 жылы осы университетте магистратураны аяқтаған. Сондай-ақ Мәскеу мемлекеттік университетінде Executive Management бағдарламасы бойынша оқыған.
Еңбек жолын 2010 жылы Лондон қаласындағы халықаралық компанияда бастаған. Әр жылдары ақпараттық технологиялар жөніндегі маман, ақпараттық технологиялар басқармасының менеджері және киберқауіпсіздік департаментінің директоры қызметтерін атқарған.
2014–2016 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Цифрлық технологиялар департаменті директорының орынбасары болды. 2016–2017 жылдары «Зерде» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы қызметін атқарды.
2017–2020 жылдары «Астана» халықаралық қаржы орталығында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2020–2022 жылдары Сауда және интеграция министрінің орынбасары болды.
2022–2025 жылдары «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды. 2025 жылғы 8 маусымда Президенттің кеңесшісі болып тағайындалды. Сол жылдың 10 желтоқсанында Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметіне кірісті.
Әсел Жанасова «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен және 2025 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған. Сонымен қатар Дүниежүзілік экономикалық форумның Young Global Leader 2025 қауымдастығының және Global Women Asia Fellow 2024 халықаралық көшбасшылық бағдарламасының мүшесі.
Айта кетейік, бұған дейін көлік министрі қызметін атқарған Нұрлан Сауранбаев лауазымынан кетті.
A law was passed on the dissolution of the management board of "Samruk-Kazyna" chaired by Nazarbayev
