Қауіпті препараттарды заңсыз сатқан екі қылмыстық топ әшкереленді

143
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HRGqXZ81OHAyYgmV5amXIoRel5rq46AWTsk5ufPn.jpg

Қазақстанның бірнеше қаласында жүргізілген арнайы операциялар нәтижесінде күшті әсер ететін препараттардың заңсыз айналымына қатысы бар екі қылмыстық топтың жолы кесілді. Қазан айында Көкшетау, Щучинск, Бурабай курорттық аймағы, Қарағанды және Теміртау қалаларында өткен жедел іс-шаралар барысында 21 адам ұсталды, деп хабарлайды "Адырна".

Алғашқы қылмыстық топтың 11 мүшесі Көкшетау, Щучинск және Бурабай аумағында препараттарды жеткізу мен сатуды ұйымдастырған. Ұсталғандардың қатарында фармацевтикалық компаниялардың басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ курьерлер бар. Тінту кезінде 50 мыңнан астам құты «Тропикамед» препараты және соған ұқсас өзге дәрілердің шамамен 4 мың бірлігі тәркіленді. Бұдан бөлек, атыс қаруы, оқ-дәрілер, автокөліктер және ірі көлемдегі ақша, оның ішінде шетел валютасы табылды.

Екінші топ Қарағанды мен Теміртау қалаларында әрекет еткен. Оның құрамына жергілікті қылмыстық ортаға қатысы бар 10 адам кірген. Тергеу мәліметінше, олар Қарағанды облысында күшті әсер ететін психотроптық препараттарды заңсыз сатумен айналысқан. Күдіктілерді ұстау кезінде психоактивті заттар, травматикалық және суық қару тәркіленді.

Қазіргі таңда аталған екі оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, арнайы операциялардың нәтижесінде қауіпті препараттарды заңсыз тарату арналарының бірнешеуі жойылып, айналымнан есірткілік және психотроптық әсері бар өнімдердің едәуір көлемі алынды.

Comments