Қазақстанмен $10 млрд келісімі бар. Nvidia тыңшылық дауынан соң $360 млрд жоғалтты

209
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/TFUGlaCgvMzrLys2lQr3nulMMXhBNXxTAGpUv7ru.webp

11 қарашада әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың бірі саналатын Nvidia акциялары сауда-саттықтың ашылуымен 7 пайыздан астам құлдырады. Бұған бір күн бұрын корпорация президенті әрі бас атқарушы директоры Дженсен Хуангтың Қытайдың тыңшысы болуы мүмкін деген әйелмен некеден тыс қарым-қатынасына қатысты тергеу басталғаны туралы ақпарат себеп болған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Өткен жұмадағы сауда-саттық қорытындысы бойынша Nvidia акциясының құны 186,64 долларды құраған. Алайда дүйсенбі күні сауда сессиясы басталғанда акция бағасы шамамен 173 долларға дейін төмендеген. Investing деректеріне сәйкес, тәулік ішінде көрсеткіш 170 долларға дейін түскен.

Business Insider басылымының хабарлауынша, дүйсенбі күні Nvidia компаниясының нарықтық капитализациясы 360 миллиард долларға дейін қысқарған.

Forbes мәліметінше, компания акцияларының құлдырауына байланысты Дженсен Хуанг миллиардерлер рейтингінде екі сатыға төмендеп, 8-орыннан 10-орынға түскен. Оның байлығы 7,4 миллиард долларға азайып, 154,7 миллиард долларды құраған.

АҚШ-тағы жасанды интеллект саласына арналған негізгі чип өндірушілердің бірін басқаратын Хуангтың Қытай тыңшысы болуы мүмкін әйелмен байланыста болғаны туралы ақпарат қазан айында тараған еді. Ал өткен жексенбіде The New York Times басылымы Хуангтың аталған әйелмен некеден тыс қарым-қатынаста болғанын мойындағанын және Nvidia компаниясының осы жағдайға байланысты тергеу бастағанын хабарлады.

Басылымның дерегінше, арнайы қызмет өкілдері Хуангтың Сингапурдан шыққан кәсіпкер, өзімен тегі бірдей Элис Хуангтың (Хуанг Ле) Бейжіңге ақпарат беріп жүргенінен хабарсыз болған деп есептеген.

Дженсен Хуанг АҚШ президенті Дональд Трампқа жақын тұлғалардың бірі саналады. Ақ үй басшысы жексенбі күні кәсіпкерді қолдап, оны «лайықты азамат» деп атады. Сондай-ақ оның «еліміздің игілігі үшін орасан зор жұмыс атқарғанын» атап өтті.

«Меніңше, оның өзін ақтайтын уәжі бар шығар», – деді Трамп.

Қытай Сыртқы істер министрлігі Nvidia басшысына қарсы тыңшылық операциясын ұйымдастырды деген айыптауларды жоққа шығарды. Ведомство өкілі Го Цзякунь Қытай тыңшысы болуы мүмкін әйел туралы ақпараттың дәлелсіз екенін және Қытайды қаралауға бағытталғанын мәлімдеді.

Тергеу жүріп жатқан кезеңде Дженсен Хуанг 1993 жылы әріптестерімен бірге негізін қалаған компанияны басқаруды жалғастырады.

Nvidia алғашында графикалық процессорлар мен бейнекарталар өндірушісі ретінде танылды. Алайда соңғы жылдары компания АҚШ пен әлемдегі жасанды интеллектке арналған чиптердің негізгі өндірушілерінің біріне айналды.

2025 жылы компания АҚШ-та ірі деректер орталықтары желісін құруды көздейтін Stargate («Жұлдызды қақпа») жобасына арналған ЖИ үдеткіштерін жеткізушілердің бірі болды. Бұл жобаны Ақ үй жариялаған еді.

АҚШ билігі Nvidia компаниясына жасанды интеллектке арналған озық чиптерді Қытайға жеткізуге тыйым салған. Алайда Хуангпен қарым-қатынаста болған әйел басқаратын компания дәл осы шектеулерді айналып өтуге қатысы бар деген күдікке ілінген.

Еске салайық, маусымда Қазақстан Үкіметі мен IT-алпауыттары Firebird және NVIDIA жасанды интеллект саласында $10 млрд-тық келісімдер пакетіне қол қойған болатын.

Ал 23 қазанда Дженсен Хуанг Астана қаласына сапармен келген еді. Сапар Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға және елдің физикалық жасанды интеллект (Physical AI) бағытындағы әлеуетін дамытуға арналды.

Comments