Семейде Лениннің 15 метрлік қола ескерткіші алынады

113
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/mRWPeHNfmLmPF3A65rda7w3Sib6MW0XdqMAH2ouu.webp

Семейде Лениннің 15 метрлік қола ескерткішін орнынан алу жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі КТК-ға сілтеме жасап.

Жамақаев көшесінде орналасқан алаңда кеңестік көсемдердің өзге де мүсіндері мен бюсттері болған. Алайда олардың барлығы әлдеқашан алынып, аумақ қайта жаңартылған. Тек Лениннің ескерткіші ғана қалған еді. Енді оны да бұзу туралы шешім қабылданған.

Бұл монумент Владимир Ленинге арналған Қазақстандағы ғана емес, ТМД елдеріндегі ең ірі ескерткіштердің бірі саналады.

Ескерткіш 50 жылдан астам уақыт бұрын орнатылған. Соңғы уақытта оған көршілес үйлердің тұрғындары шағымдана бастаған. Олардың айтуынша, монументтің сыртқы келбеті нашарлаған әрі құлап кету қаупі бар. Арнайы комиссия да ескерткіштің жағдайына алаңдаушылық білдірген. Сарапшылар жұмсақ топырақтың салдарынан мүсіннің қисайғанын анықтаған.

«Тексеру барысында анықталған ақаулар, оның ішінде тірек тораптары мен тірек тақтасының зақымдануы, металл конструкциялардың қатты коррозияға ұшырауы, сондай-ақ өтпелі жарықтар мен саңылаулардың болуы құрылымның көтергіш қабілетінің күрт төмендегенін көрсетеді. Бұл мүсін бөліктерінің құлауына тікелей қауіп төндіреді», – деп мәлімдеді Семей қаласының әкімдігі.

Қала билігі ескерткіштің бұдан кейінгі тағдыры әзірге белгісіз екенін жеткізген.

Еске салайық, қыркүйекте Алматының Түрксіб ауданында Владимир Лениннің ескерткіші алынып тасталған еді.

Comments