Құрылтай депутаты мен орталық мемлекеттік орган өкілдері БҚО-ға жұмыс сапарымен келді

177
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/EDAotsjYAMWYKeGfEPzq6WMZOd6QjOpXUWF5BlX4.jpg

Құрылтай депутаты Снежанна Имашева және орталық мемлекеттік орган өкілдері өңірге жұмыс сапарымен келді. Ресми делегация Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ұжымымен, студенттермен, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау саласының өкілдері кездесті. Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттер кеңінен талқыланды.

Снежанна Имашева бағдарламалық құжатта барлық салаға цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу үдерісін жетілдіру, жаңа технологияларды игілікке айналдыру жөнінде маңызды міндеттер жүктелгенін атап өтті. Осы тұрғыда ол университет ұжымы мен студенттердің тың жобаларын жоғары бағалап, кәсіби кадрлар мен заманауи технологияларды жетік меңгерген жастардың ел дамуындағы ерекше рөліне тоқталды.

Президент Жолдауында елдің экономикалық дамуы әрбір тұрғынның әл-ауқатының жақсаруымен көрініс табуы туралы айтылды. Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков келер жылы ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге көтеру, шағын бизнесті тексеруге мораторий мерзімін үш жылға ұзарту, салық заңнамасын жетілдіру, фермерлерді ұзақмерзімді қаржыландыру тетіктерін енгізу, жергілікті тауар өндірушілердің өнімін өткізу мәселесін реттеу және тағы басқа нақты шаралардың түпкі мақсаты халықтың тұрмыс сапасын арттыру екенін атап өтті.

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Президент тапсырмаларына сәйкес елімізде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Ведомство өкілі бұл бағытта Батыс Қазақстан облысында ауқымды жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті.

Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Мұқаев жаңа конституциялық органның мақсат-міндеттеріне тоқталды. Ол делегация мүшелеріне өңірдің өзекті мәселелері бойынша ұсыныстарын айтты.

Басқосуға қатысушылар бағдарламалық құжаттағы негізгі басымдықтарға қатысты жан-жақты пікір алмасты.

Comments
Other materials