Креативті индустрияларды дамыту қоры биыл алғаш рет іске асырылған Creative Aimaq республикалық жобасын қорытындылады.
13 маусым мен 1 қараша аралығында еліміздің 18 өңірінен 1000 креатор қатысқан жәрмеңкелерге 85 мың адам келіп, жалпы сауда айналымы 200 млн теңгеге жетті.
Ақмола облысынан басталып, Маңғыстау облысының шығармашылық бағдарламасымен аяқталған жоба бес айға жуық уақыт бойы Qazaq Creative Hub алаңында еліміздің әр өңірінен келген дизайнерлерді, суретшілерді, зергерлерді, қолөнершілерді, аниматорлар мен цифрлық контент әзірлеушілерді біріктірді. Creative Aimaq өңірлік шығармашылық кәсіпкерлікті дамытуға, креативті өнімдерді коммерцияландыруға, отандық брендтерді ілгерілетуге және өткізу нарығын кеңейтуге бағытталған.
Сауда көлемі бойынша үздік бес өңір
Маңғыстау облысы – 33 млн 260 мың теңге
31 қазан мен 1 қараша күндері өткен «Маңғыстау: Тамыр. Талғам. Креатив» жәрмеңкесіне 40 креатор қатысып, 1800-ден астам авторлық бұйым ұсынды. Екі күнде жәрмеңкеге 13 мың адам келді. Маңғыстаулық шеберлер күміс әшекейлер, ұлттық киімдер, дәстүрлі жадағайлар, былғары аяқ киімдер мен аксессуарлар ұсынды. Мәдени бағдарлама аясында «Ақшағыл», «Домбыра сазы», «Жорға» ансамбльдері мен Тамара Асар өнер көрсетіп, сән көрсетілімдері, шеберлік сабақтары және Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» романына арналған әдеби кездесу ұйымдастырылды.
Ақтөбе облысы – 23 млн 850 мың теңге
10–11 қазанда өткен жәрмеңкеге 100 креатор қатысып, 9500 адам келді. Ақтөбелік кәсіпкерлер дизайнерлік киімдер, зергерлік әшекейлер, былғарыдан, ағаштан, сүйек пен киізден жасалған бұйымдар, ұлттық аксессуарлар мен кәдесыйлар ұсынса, жергілікті суретшілер өз туындылары мен авторлық дизайн жобаларын таныстырды.
Түркістан облысы – 21 млн теңге
29–30 тамызда ұйымдастырылған жәрмеңкеге 50 креатор қатысып, 5200 адам келді. Түркістандық шеберлер ұлттық кілемдер, зергерлік әшекейлер, дизайнерлік киімдер, домбыралар, ат әбзелдері, киізден, ағаштан және қыштан жасалған бұйымдар, сәндік паннолар, жібек орамалдар мен ұлттық аксессуарлар ұсынды.
Жетісу облысы – 16 млн теңге
15–16 тамызда өткен жәрмеңкеге 30 креатор қатысып, 5 мың адам келді. Өңір шеберлері картиналар, зергерлік әшекейлер, ұлттық ойыншықтар, баскиімдер, ағаш бұйымдар мен киізден жасалған аяқ киімдерді таныстырды. Бейнелеу өнері туындыларына ерекше сұраныс байқалып, олардың сатылымы шамамен 10 млн теңгені құрады. Сонымен қатар қыш жасау өнері таныстырылып, сән көрсетілімдері мен шығармашылық бағдарламалар ұйымдастырылды.
Жамбыл облысы – 15 млн 200 мың теңге
5–6 қыркүйекте өткен «Асқақ рухты Әулиеата» жәрмеңкесіне 50 креатор қатысып, 6 мың адам келді. Жамбылдық шеберлер ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, ағаштан, былғары мен киізден жасалған бұйымдар және авторлық кәдесыйлар ұсынды. Бағдарлама аясында ASPARA брендінің дизайнерлік топтамалары, жасанды интеллект көмегімен әзірленген қазақ ертегілері мен анимациялық туындылар, сондай-ақ ауданы 200 шаршы метр болатын киізден жасалған өнер туындысы көпшілік назарына ұсынылды.
Ұлттық қолөнерден цифрлық технологияларға дейін
Creative Aimaq еліміздің мәдени мұрасы мен креативті индустриялардың заманауи бағыттарын бір алаңға тоғыстырды. Сән және дизайн саласында отандық дизайнерлер ұлттық нақыштағы киімдерді, авторлық топтамаларды, аяқ киімдер мен аксессуарларды таныстырып, дәстүрлі ою-өрнектерді заманауи сән үлгілерімен үйлестірді. Зергерлік өнер мен қолөнер бағытында күміс әшекейлер, ағаштан ойылған бұйымдар, қыш ыдыстар, былғары аксессуарлар, киізден жасалған тұрмыстық заттар мен сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылды.
Бейнелеу өнері саласында картиналар, мүсіндер, интерьерге арналған авторлық туындылар мен сәндік паннолар қойылды. Қарағанды облысының креаторлары көмірден жасалған өнер туындыларын, Балқаш шеберлерінің микроминиатюраларын және 3D басып шығару технологияларын таныстырса, Шымкент қаласы мен Жамбыл облысының қатысушылары отандық анимациялық жобаларды, жасанды интеллект негізіндегі әзірлемелер мен инновациялық технологиялық шешімдерді көпшілік назарына ұсынды.
Әр өңірдің мәдени ерекшелігін танытқан бағдарламалар ұлттық музыка, театр қойылымдары, сән көрсетілімдері, кітап таныстырылымдары, әдеби кездесулер мен шеберлік сабақтарын қамтып, келушілерге еліміздің шығармашылық жетістіктерімен кеңінен танысуға мүмкіндік берді.

Өңірлік креаторлардың экономикалық әлеуеті
Creative Aimaq жобасы аудан орталықтары мен ауылдарда еңбек ететін шығармашылық кәсіпкерлерге өз өнімдерін ірі нарыққа ұсынуға, тұтынушылардың сұранысын бағалауға, жаңа клиенттер табуға және іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Креативті индустрияларды дамыту қорының Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов жобаның нәтижелеріне тоқталып, өңірлік шығармашылық кәсіпкерлікті дамытудың басым міндеттерін атап өтті.
«Creative Aimaq жобасын бастағанда біз өңірлердегі креаторлардың алдында тұрған нақты мәселелерді негізге алдық. Еліміздің аудан, ауылдарында сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаратын талантты азаматтар көп. Алайда олардың барлығында өз өнімін кең нарыққа ұсынуға, сатып алушылар табуға және кәсібін дамытуға мүмкіндік бірдей емес.

Біз осы кедергілерді азайтып, шығармашылық өнімнің нақты экономикалық айналымға түсуіне жағдай жасауды мақсат еттік. Жоба аясында 1000 креатордың 200 млн теңгенің өнімін сатуы өңірлік шығармашылық кәсіпкерліктің әлеуетін көрсетті. Бұл тек қолөнерге қатысты емес. Дизайн, сән, бейнелеу өнері, анимация, цифрлық технологиялар және басқа да салаларда табыс табуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бар.
Ендігі міндет – жәрмеңкеде таныстырылған өнімдердің тұрақты нарыққа шығуына ықпал ету. Креаторлар өз кәсібін бір реттік іс-шараға тәуелді етпей, тұрақты тапсырыспен жұмыс істейтін деңгейге жетуі керек. Біз үшін жобаның ұзақ мерзімді нәтижесі осы болмақ», – деді Ерлан Каналимов.
Creative Aimaq жобасының қорытындысы өңірлік креативті индустриялардың экономикалық әлеуетін және отандық авторлық өнімдерге деген сұранысты көрсетті. Qazaq Creative алдағы уақытта өңірлік креаторлардың тұрақты тапсырыс алуына, кәсібін кеңейтуіне, өткізу нарығын ұлғайтуына және бәсекеге қабілетті отандық брендтер қалыптастыруына қолдау көрсетуді жалғастырады.

A state that lived for two months and four days. Today is the day of establishment of Turkestan Mukhtariat
