Ресей ішкі нарықтағы жанармай тапшылығын азайту үшін бензин импортын көбейтіп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Financial Times-қа сілтеп.
Бұған украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттарының Ресей мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдары салдарынан өндіріс көлемінің қысқаруы себеп болған. Қазан айында елге теңіз арқылы жеткізілген бензин көлемі рекордтық 390 мың тоннаға жетті. Бензин жеткізушілер арасында Марокко көш бастап тұр. Ел Ресейге импортталған жанармайдың әрбір үшінші тоннасын жөнелткен. Ал тамыз айында Ресейге бензин жеткізген Үндістан қазан айында экспорт көлемін күрт қысқартқан.
Сонымен қатар Түркия Ресейге бензин жеткізуді шілде айында бастаған. Ал қазанда Мысырдан алғаш рет жанармай сатып алынған. Kpler сарапшысы Сумит Ритолияның айтуынша, Ресейдің әлемдік мұнай өнімдері нарығындағы орны өзгеріп келеді. Бұрын ірі экспорттаушы болған ел қазір импортқа тәуелді мемлекеттердің қатарына қосылып жатыр.
Сарапшының пікірінше, Ресейдің бензин импорттауы енді жекелеген өңірлердегі уақытша тапшылықты жою шарасы ғана емес. Мұнай өңдеу зауыттарындағы тұрақсыздық жағдайында ішкі жанармай нарығындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңызды тетігіне айналған. Ресей теңіз арқылы жеткізілетін жанармайдан бөлек, Беларусьтен де бензин сатып алуды жалғастырып отыр. Соңғы төрт айда бұл елден 600 мың тонна жанармай импортталған. Бұған қоса, ресейлік мұнай компаниялары Қазақстаннан шамамен 8 мың тонна бензин алған.
Басылымның жазуынша, Ресейге жанармай жеткізетін елдер географиясының кеңеюі Мәскеудің ішкі нарықты қажетті отынмен қамтамасыз етуде қиындықтарға тап болғанын көрсетеді.
“No need for an uprising.” The father of the deceased issued an appeal regarding the incident in Talgar
