Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында отандық құрылыс материалдарын пайдалануға бақылау күшейтілуі мүмкін. «Әділет» партиясының депутаты Илья Теренченко депутаттық сауалында қазақстандық өнімдерді импорттық материалдармен негізсіз алмастыру, жалған сертификаттарды пайдалану және мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі олқылықтар мәселесін көтерді.
Сонымен қатар құрылыс барысында қазақстандық өнімді импорттық тауармен өз бетінше алмастырған тапсырыс берушілерге әкімшілік санкция енгізу жоспарланып отыр.
Бұл туралы құрылыс және өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағаспаев Құрылтайдағы Үкімет сағатында депутат Илья Терещенконың сауалына жауап беру кезінде мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, отандық құрылыс материалдарын жобалаушылар пайдаланатын АГСК-3 арнайы каталогына енгізу үш айдан алты айға дейін созылады. Соның салдарынан жобалардың сметасына кейде қазақстандық өнімнің орнына бағасы қымбат импорттық баламалар енгізіледі.
Министрдің түсіндіруінше, АГСК-3 каталогын Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімімен тікелей біріктіру техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Сондықтан ведомство каталогтағы өнімдерді аталған тізілімге көшіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір онда 650 кәсіпорынның 20 мыңнан астам өнімі тіркелген.
Сондай-ақ мемлекеттік сараптама кезінде жобалық-сметалық құжаттамадан белгілі бір құрылыс материалының Қазақстанда өндірілетіні немесе өндірілмейтіні көрінбейтіні анықталған.
Осы мәселені шешу үшін жаңа цифрлық анықтамалық әзірленіп жатыр. Онда отандық өнімдердің тұсына арнайы белгі қойылып, өндіруші кәсіпорын туралы ақпаратқа сілтеме беріледі.
Бұдан бөлек, министрлік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуді көздейтін түзетулер дайындаған. Оған сәйкес, құрылыс барысында тапсырыс беруші қазақстандық материалдарды импорттық өнімдермен өз бетінше алмастырса, оған санкция қолданылуы мүмкін.
Бастамаларды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Қанат Шарлапаев та қолдаған.
Ал «Alageum Electric» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ильясовтың пікірінше, құрылыс компаниялары мен бас мердігерлерді отандық өндірушілерден өнім сатып алуға міндеттейтін нақты бақылау тетіктері қажет. Оның айтуынша, қазір кейбір мердігерлер құрылыс барысында қазақстандық материалдарды шетелдік өнімдермен алмастырады. Мұндай жағдайларға жол бермеу үшін сатып алу жүйесін жетілдіріп, заңнамалық жауапкершілікті күшейту ұсынылып отыр.
Депутат Илья Терещенко Қазақстанда ауқымды құрылыс жобалары жүзеге асатын кезеңде отандық өндірісті қолдау маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, қазақстандық кәсіпорындардың әлеуетін пайдалану ел экономикасына бөлінген қаражаттың ішкі нарықта қалуына мүмкіндік береді.
