Алматы облысы Қонаев қалалық сотында қоғам белсендісі әрі агросарапшы Алмасбек Садырбайға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Садырбайға мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген шамамен 1,2 млрд теңге көлеміндегі субсидияны жымқырды деген айып тағылып отыр. Қылмыстық іс бойынша онымен бірге тағы алты адам сотталуда.
Алмасбек Садырбайға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылған:
- 190-бап – алаяқтық;
- 218-бап – қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату);
- 262-бап – ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету, сондай-ақ оған қатысу.
Тергеу нұсқасы бойынша, Садырбай бір топ адаммен бірге ұсақ малды қолдан ұрықтандыруға бөлінетін мемлекеттік субсидияларды заңсыз алу мақсатында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрған.
Қоғам белсендісі өзіне тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарып, бюджет қаражатын жымқыруға қатысы бар екенін дәлелдейтін айғақтардың жоқ екенін мәлімдеген.
– Айыптау актісінің өзі 90 беттен тұрады. Істе 500 том бар! «Алмасбек Садырбай ақша алды немесе біреуді алдады» деген сөзді естідіңіздер ме? Мұндай ештеңе жоқ. Менің қатысым тек қазақстандық фермерлердің мемлекеттен ала алмаған көмегіне байланысты. Ал қазір шаруалар алған барлық субсидияны менің мойныма артып отыр, – деген еді Садырбай бұған дейін.
Бұған дейін сотталушының адвокаты Анара Құсайынова Қонаев қалалық сотының ғимаратында өз қорғауындағы азаматқа физикалық күш қолданылғанын мәлімдеген. Адвокаттың айтуынша, оқиға кезінде сот ғимаратында болған мемлекеттік айыптаушы Әлімжан Санабаев Садырбайдың көмек сұрағанына қарамастан, оған жәрдем көрсетпеген.
Осыған байланысты Құсайынова Алматы облысының прокуроры Берік Адамовқа мемлекеттік айыптаушының әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап, өтініш жолдаған. Сонымен қатар қорғау тарапы Сот әкімшілігінен сот қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізуді талап еткен.
Еске салайық, Алмасбек Садырбай 2024 жылғы 6 қарашада қамауға алынған еді. Алғашында қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігі тергеген. Кейін іс прокуратура органдарына берілген.
Алмасбек Садырбай қамауға алынғанға дейін отандық фермерлердің мәселелерін жиі көтеріп, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысына сын айтқан.
