Алматыда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» қалалық конкурсының жеңімпаздары анықталды

818
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/F4eTxGiQDQvk6OhFfnbiWIkOWr43dKDIc1R7SxJ2.jpg

Алматы қаласында қазақ тілін оқытудың озық тәжірибесін насихаттауға, педагогтердің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» қалалық конкурсы қорытындыланды, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Конкурс Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткізілді.

Конкурстың басты мақсаты – қазақ тілін оқыту сапасын жетілдіру, педагогтердің кәсіби біліктілігі мен әдістемелік шеберлігін арттыру, тіл үйретудің инновациялық тәсілдерін насихаттау, үздік авторлық әзірлемелерді қолдау және қазақ тілін өз бетінше үйренушілерге арналған қолжетімді цифрлық ресурстар қорын толықтыру.

Кәсіби додаға жоғары оқу орындарының оқытушылары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері, жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының мамандары қатысты.

Конкурс үш кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезеңде қатысушылар қазақ тілін үйретуге арналған қысқа бейнероликтер, инфографика, анимация және өзге де шығармашылық форматтағы танымдық материалдар әзірлеп, әлеуметтік желілерде жариялады. Екінші кезеңде авторлық оқу құралдарын, оқу-әдістемелік кешендерін, әдістемелік нұсқаулықтарын, дидактикалық материалдарын және өзге де әдістемелік әзірлемелерін ұсынды. Үшінші, қорытынды кезеңде қатысушылардың кәсіби құзыреттілігі, педагогикалық шеберлігі, шығармашылық ізденісі мен әдістемелік ұстанымдары бағаланды.

Конкурстық жұмыстарды қазақ тілін оқыту әдістемесі саласындағы ғалымдар, білікті әдіскерлер мен тәжірибелі педагогтерден құралған қазылар алқасы бағалады.

Қазылар алқасының құрамында:

Қылышбекова Нұрсәуле Уқанбайқызы – қазылар алқасының төрағасы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «Қоғамдық-гуманитарлық бағыт» кафедрасының аға оқытушысы.

Қазылар алқасының мүшелері:

1.Сейсенбаева Жанар Айтбергенқызы – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Elite School KZ» мектебінің құрылтайшысы;

2.Көшекова Айнұр Арғынтайқызы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры міндетін атқарушы, филология ғылымдарының кандидаты;

3. Каримова Тамара Сатымханқызы– Алматы облысы орталық әмбебап кітапханасы, бөлім меңгерушісі

4.Құрманғали Анар Керімбайқызы – №156 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі.

Қазылар алқасы конкурстық жұмыстардың ғылыми-әдістемелік негізділігіне, авторлық ерекшелігіне, шығармашылық жаңашылдығына, тілдік сауаттылығына, практикалық маңыздылығына және оқу үдерісінде қолдану тиімділігіне ерекше назар аударды.

Конкурс қорытындысы бойынша төмендегі қатысушылар жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды:

Бас жүлде (300 000 теңге) – Қаршығаева Айнұр Аралбекқызы, «Тұран» университетінің профессоры, ф.ғ.к.

І орын (200 000 теңге) – Айзат Ракышева Сериковна, №156 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі;

ІІ орын (150 000 теңге) – Токтыманова Галия Мухтаровна, «Мұхамеджан Тынышбаев ат. ALT Университеті» АҚ сениор-лекторы;

ІІІ орын (100 000 теңге) – Мәжит Нұртуған, №224 «Келешек» мектебінің мұғалімі.

Арнайы сыйлық иегерлері (әрқайсысына 75 000 теңгеден):

- Жұбатқанқызы Гүлфариза – Алматы қаласы Бостандық ауданындағы №183 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі;

- Мамырбаева Манар Жамбуловна - Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, 229 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі;

Ынталандыру сыйлықтарының иегерлері (әрқайсысына 50 000 теңгеден):

- Махамбетов Канабек Мамаевич – Алматы облысы Талғар ауданы Қызыл Ту ауылындағы №24 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі;

- Джарилкапов Алишер Казбекович – Алматы қаласы Бостандық ауданындағы №183 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі.

Конкурстың жалпы жүлде қоры 1 000 000 теңгені құрайды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады.

Конкурс аясында ұсынылған үздік авторлық жұмыстарды, оқу-әдістемелік әзірлемелерді және тіл үйретудің тиімді әдіс-тәсілдерін кеңінен насихаттау, жариялау, сондай-ақ «Almaty til» порталының цифрлық ресурстар қорын толықтыру көзделіп отыр.

Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық және ғылыми-әдістемелік мұрасын жалғастыруға бағытталған бұл конкурс педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына, шығармашылық бастамаларын қолдауға, қазақ тілі оқытушыларының қоғамдағы мәртебесі мен кәсіби беделін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң болып табылады.

Аталған бастама мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, қазақ тілін оқытудың сапасын арттыруға, тіл үйретудің заманауи әдістемелік қорын қалыптастыруға және үздік педагогикалық тәжірибені кеңінен таратуға ықпал етеді.

Конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі 2026 жылғы 9 желтоқсанда Алматы қаласы, Төле би көшесі, 86 мекенжайында өтеді.

Comments